Террорист шаһардағы екі мешітте жұма намазын оқып жатқандарға автоматпен оқ жаудырған. Қаза тапқан 49 адамның ішінде бірқатар елдің азаматтары бар. Солардың 41-і Әл-нур мешітінде мерт болса, 7-еуі Линвуд мешітінде көз жұмды. Бір адам ауруханада бақиға аттанған. Қайтыс болғандардың арасында балалар мен әйелдер де бар.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода қылмыскердің мешітке келіп, құлшылық жасап жатқандарды қырып салғаны анық көрінеді. Террорист қыбырлағанның бәріне оқ жаудырған. Тіпті, құлшылық үйіне қайта оралып, жараланғандар мен көмек сұрағандарды атып өлтірген.
Полиция қызметкерлері қанды қырғыннан көп ұзамай террористі қолға түсірді. Қылмыскерді айыптауға байланысты сот ұзаққа созылған жоқ. Таррантқа адам өлтіргені үшін айып тағылған. Соттың екінші отырысы 5 сәуірге жоспарланып отыр. Террористің қандай жазаға тартылатыны сол кезде анықталады.
Facebook пен Twitter Брентон Тарранттың парақшаларын құлыптап, қанды оқиға түсірілген видеоны өшіріп тастады. Сондай-ақ қолданушыларды оны таратпауға шақырды. Осы орайда, «Egemen Qazaqstan» газеті алғашқылардың бірі болып видеоға қол жеткізгенімен, этикалық мәселеге қатысты оны жарияламағанын айта кеткен жөн.
Ел премьер-министрі Жасинда Ардерннің айтуынша қылмыскер одан әрі террористік шабуылын жалғастыруды жоспарлаған. Оны қолға түсірген кезде көлігінен тағы екі автомат табылыпты. Айта кету керек, Жаңа Зеландияда суық қаруды заңды түрде сатып алуға мүмкіндік бар. Бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған мәліметке сүйенсек, Таранттың автоматты атыс қаруларын қолдануға лицензиясы болған. Осыған қатысты пікір білдірген Ж.Ардерн ендігі жерде қару иеленуге қатысты заңның өзгеретінін мәлімдеді.
Іле-шала Жаңа Зеландиядағы бүкіл қоғамдық орындар жабылды. Сонымен қатар, әлемнің басқа бөліктерінде де мешіттерде күзет күшейтілді.
Оқиғаға байланысты әлем көшбасшылары пікір білдіріп, қабырғасы қайысқан Жаңа Зеландия халқына көңіл айтты. Олардың қатарында Ұлыбритания патшайымы Элизабет II, Дональд Трамп, Рим Папасы бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Жаңа Зеландияның Генерал-губернаторы Пэтси Реддиге көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Біз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз.
Қазақстан біздің елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған Брентон Таррант есімді аустралиялық террористік шабуылын жасамас бұрын оның себебін айтқан 72 беттік манифест жариялаған екен. Онда қылмыскер неліктен Жаңа Зеландияны таңдағаны, мұсылмандар мен иммигранттарға қарсы жеккөрініш сезімі қайдан туындағаны, өзінің шыққан тегі секілді бірқатар мәліметті тәптіштеп түсіндіріпті.
Манифестте Б.Таррант ақ нәсілділердің өзгелерден шоқтығы биіктігін атап өтіпті. Террорист өз мәлімдемесінде мұсылмандар мен иммигранттардың ақ нәсілділерге тиесілі елдерге келуіне қарсы екенін жазған. Қылмыскер Аустралия, Жаңа Зеландия секілді елдердің түпкі иесі ақ нәсілділер емес, аборигендер екенін естен шығарған секілді, сірә!
Жалпы, Крайстчерч те, Жаңа Зеландия да бейбіт мекен саналған. Әсіресе, «Хоббиттардың елі» атанып кеткен, жасыл желекке оранған бейбіт елдің қызыл ала қанға бөгетінін ешкім күтпесе керек. Өйткені Жаңа Зеландияда бұрын соңды мұндай қырғын кездеспеген. Оның үстіне, елдегі қылмыс деңгейі өте төмен, әлемдегі қауіпсіз мемлекеттердің бірі саналады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаға осындай елде террорлық шабуыл жасалуы тосын оқиға болғаны рас.
Алайда Крайстчерчтегі оқиға терроризмге қатысты халықаралық қоғамдастықта қалыптасқан түсінікті қайта қараудың қажеттігін көрсетіп берді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары қандай да бір елде жарылыс жасаған не адамдарды қырып салған қылмыскердің шыққан тегі Таяу Шығыстан болса, оқиғаны террористік шабуылға теңейтін еді. Ал қылмыскердің ақ нәсілді екені анықталса, оқиғаны «жаппай атыс» деп сипаттап, террористі «ақылынан алжасқан» деуге бейім-тұғын. Мәселен, 2016 жылы Орландода болған қырғынға кінәлі шыққан тегі ауған Омар Матин екені анықталғанда оқиға террористік шабуыл ретінде танылды. Ал 2011 жылы Норвегиядағы қанды оқиға, яғни Брейвиктің қанды қырғыны әлі күнге дейін құзырлы органдар тарапынан террорлық акт ретінде сипатталған жоқ.
The Guardian газетінің пайымдауынша, құқық қорғау органдары террористерді исламға қатысы бар адамдармен байланыстыруға әдеттенгені соншалық, экстремистік көзқарастағы оңшылдарды естен шығарып алған. Нәтижесінде талай бейкүнә адам қаза тапты. Англиялық басылым Крайстчерчтегі оқиға әлем назарын әсіре оңшылдардың да террористік шабуыл жасайтынын көрсетіп берді деп есептейді.
Қалай дегенмен, Жаңа Зеландиядағы террористік шабуыл бір нәрсені анық көрсетті. Жауыздық – дін таңдамайды. Тату-тәтті өмір сүру – адамзатқа ортақ құндылық. Ал осы құндылықты сақтамаған, бейбіт өмірге қарсы қаскөйлер – әлемнің жауы. Жаңа Зеландия премьер-министрі Жасинда Ардерн айтқандай, «біздің арамызда оларға орын жоқ».
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»