Жаңаөзендегі жұмыс күні
Жұмыс тобының кездесулері Жаңаөзен қаласынан басталды. «Мұнайшы» мәдениет үйіндегі кездесуге Жаңаөзен қаласының 100-ге жуық тұрғыны – көп балалы аналар, жұмыссыздар, ардагерлер, ҮЕҰ өкілдері келіп, жәрдемақы алу, біржолғы материалдық көмек алу, тұрғын үй мәселелерін шешу және жұмысқа орналасу сынды өзекті мәселелерді ортаға салды. Г.Әбдіқалықованың айтуынша, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру облыста 27 мыңнан астам адамға қатысты болмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев бүгінгі таңда Маңғыстаудағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 33 928 теңгені құрайтынын атап өтті. Жалпы, Маңғыстау облысында АӘК-ті 14 211 адам, Жаңаөзенде 3 мың адам алатын болады. Сонымен қатар министр 1 сәуірден бастап аз қамтылған отбасылардың табысын есептеудің жаңа ережелерін енгізу туралы айтты. Министрдің айтуынша, мүгедек баланың күтіміне, туғанынан 1 топтағы мүгедек баланың күтіміне төленетін қаржы 41 578 теңгеге дейін өсті. Аталған көмекті Маңғыстау облысында 5 396 адам, Жаңаөзенде 1 156 адам алатын болады.
Маңғыстауда 304 жалға берілетін пәтерлердің құрылысына қаржы бөлінді, 292 пәтерге өтінім берілді. Үкімет өкілдері Жаңаөзендегі мұнай және басқа да салалар үшін арнайы киімдер тігумен айналысатын «Жанарыс» тігін фабрикасының ұжымымен кездесті, онда 340-тан астам адам жұмыс істейтін болса, олардың 95% -ы әйелдер. Мекеме басшысының айтуынша, фабрикадағы еңбекақы 136 мың теңгеден жоғары. Сондай-ақ отбасылардағы кездесуде алты бала тәрбиелеп отырған «Күміс алқалы» ана Жадыра Нарымбаева ұзақ уақыт жұмыс таба алмағанын, жақында пошта таратушы жұмысына орналасқанын айтса, мектепте жұмыс істейтін «Күміс алқа» иесі Нұрбике Егізбаева күйеуін жуырда «Өзен Инвест» компаниясына тұрақты жұмысқа орналасуға көмектескені үшін әкімдікке алғысын білдірді. Ал Жаңаөзен қаласында жыл соңына дейін 5260 жаңа жұмыс орны ашылатыны белгілі болды. Бұл өз кезегінде мұнайлы қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізбек.
Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасына, гемодеализ орталығына барды және №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігерлерінің жұмысымен танысты.
– Егер бұрын дәрігерге бару үшін біз бірнеше сағаттан жұмсайтын болсақ, бүгінде 15 минуттан аспайды. Алдыңғы қатарлы технологиялардың медициналық мекемелерге де жеткеніне қуаныштымыз. Мен әрдайым дәрігерлерге қаралуды кейінге қалдыратынмын, өйткені кезекке тұрып шаршайтынбыз, қазір ондай мәселе жоқ, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Гаухар Огарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы жаңалықтарын баяндаған министр одан әрі Қарақия ауданына қарасты Жетібайдағы ауылдық емханаға ат басын тіреді. Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова да білім саласына қатысты мекемелердің ахуалымен танысты.
Ақтауда жалғасқан кездесулер
Ақтауда Үкімет мүшелері аймақтағы ірі мекемелердің басшыларымен кездесті. Жиында өңірдегі түрлі кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайы, олардың әлеуметтік мәселелері талқыланды. Б.Сапарбаев Маңғыстаудың ел экономикасының доноры екенін айтып, өндіріс көлемін төмендетпей, жалақыны дер кезінде төлеу керектігін тапсырды.
Өңірде 9 мыңға жуық белсенді кәсіпорын бар, онда 244 мың жұмысшы еңбек етеді. Осы жылы 24 кәсіпорын еңбекақыны көтерген. Осылайша 10 мыңнан астам қызметкердің талабын орындаған. Бұдан бөлек, министр шетелдік мекемелердің жұмысшыларға бірдей жағдай жасауын тапсырды.
– Егер шетелдің компаниялары Қазақстан жерінде еңбек етсе, заңға сәйкес жұмысшыларын бөлмеуі, екі түрлі жағдай жасамауы тиіс. Барлық мәселе мен жағдай бірдей қаралуы қажет. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жасау да маңызды, – деген Б.Сапарбаев аз қамтылған отбасыларға қолұшын созудың маңыздылығын, мемлекет бұған аса мән беретінін айтты. Қазір өңірде ірі компанияда 80-нен астам көп балалы жұмысшы бар. Бүгінде тек кейбір мекемелер ғана тұрақты көмек береді.
– Ұжымдық шартта 8 түрлі әлеуметтік көмек қарастырылған. Шартта, әсіресе көп балалы отбасына арналған басымдықтар көп. Мысалы, 2018 жылы 4 және одан көп баласы барларға 192 млн теңге жәрдемақы төленді. Бүгінгі таңда компания мен «Халық банкі» арасында аз қамтылған отбасыларға 2 пайыз ипотекалық несиелер беру туралы шарт жасалуда. Үй-күйі жоқ адамдарға бұрын 10 пайыз болса, қазір – 2 пайыз, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаев.
Үкімет мүшелері компанияның бастамасына оң бағасын берді. Сондай-ақ жиында сервистік мекеме басшылары өз мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Кездесуге 400-ден астам адам жиылды. Жуырда құрылған «Ақжүніс» бірлестігінің Маңғыстау филиалының өкілі А.Шамшадинова үкіметтік делегацияның қарауына көп балалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасылардың жағдайын жақсарту туралы бірқатар ұсыныс айтты. Б.Сапарбаев осы жылы енгізілетін жаңа ережелер мен ұсыныстарды түсіндірді. Атап айтқанда, Маңғыстауда өз бизнесін ашу үшін 500 мың теңгеге 200 грант беріледі. Сонымен қатар көп балалы аналарға және ауылда мүгедектігі бар адамдарға жеке ісін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін жеңілдікті шағын несиелер беріледі. Сондай-ақ көп балалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылып, үйде киім тігу, нан пісіру сынды әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Бұл шаралар бала күтімі мен еңбек қызметін қоса атқаруға, сондай-ақ қосымша табыс көзін алуға мүмкіндік береді.
– Кез келген көмек заң шеңберінде көрсетілуі тиіс екенін атап өткім келеді. Мысалы, тұрғын үй алу мәселесі. Қазақстанның әрбір азаматының тұрғын үй алуға құқығы бар. Бұл үшін көп балалы отбасыларға да кезекке тұру қажет. Қазір 28 мың көп балалы ана кезекте тұр. Олардың ішінде аз қамтылған, мүгедек балалармен тұрғандар да бар. Иә, біз бұл мәселені бірінші кезекте кәсіпкерлер мен меценаттарды тарта отырып, көмектесеміз, – деді Б.Сапарбаев.
Жас кәсіпкер, Маңғыстау бизнесмендер қайырымдылық акциясының бастаушысы А.Нұрланова, жергілікті кәсіпкерлер өз ісін бастағысы келетін аз қамтылған отбасыларға көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді. Кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарға фермерлік шаруашылықтарға мал, құс сатып алуға, сондай-ақ оны өсіру мен ұстауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектеседі.
Қала тұрғыны «ЖОО бітіріп келген Маңғыстау жастары мұнай секторында жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ» деген мәселе көтерді. Г.Әбдіқалықова жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен түлектерін жұмысқа орналастыруға бағытталған «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға шақырды. Ал облыс әкімі Е.Тоғжанов қазір Маңғыстауда 5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін атап өтті.
Облыс басшылығы мен аймақтың өкілетті органдарына тұрғындардың мәселелері мен ұсыныстарын пысықтау тапсырылды.
Ақтауда Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев азаматтарды жеке қабылдады.
Көп балалы ана, бір баласы 1 топтағы мүгедек Балзира Ерманова мүгедек балаларды күтетін аналарға зейнетақы тағайындау туралы сұрақ қойды. Заңға сәйкес, мүгедек балаларды күтетін аналарға бекітілген еңбек өтілі бойынша базалық зейнетақы қарастырылған. Қалғаны зейнетақы қорына өз аударымдары болуы тиіс.
– Бала күтіміне байланысты демалыста жүрген аналарға өз бизнесін ашуға мемлекет көмек көрсететін болады. Осы жылдан бастап бизнесті ашуға, жеңілдікпен шағын несие алуға қажетті мамандықтарға оқытуға гранттар қарастырылған. Жеке кәсіпкер ретінде өз кәсіпорныңызды тіркеп, зейнеткерлікке қаражат жинай аласыз, – деді Г.Әбдіқалықова.
Нұра Әбдібақықызы – 6 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Қазір 40 мың теңгеге тігінші болып еңбек етеді. Сонымен қатар мемлекеттен 114 мың теңгеден астам сомаға жәрдемақы алады. Б.Сапарбаевпен жеке кездескен ана министрден баспана алуға көмектесуін сұрады. Министр Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеевке бұл мәселені заңға сәйкес бақылауға алуды және қарауды тапсырды.
Руслан Гайбатов мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке көмекшілерімен жұмыс істеу қиындықтары туралы айтты. Мысалы, қазір жеке көмекшінің қызметі бәсекелестік ортаға берілді, бұл қызмет алушылар мен өкілетті орган арасындағы даулы жағдайларға әкеп соғады. Министр қызметтерді тікелей өкілетті органмен және жеке көмекшімен жасау қажеттігін атап өтті, өйткені тұлғааралық қатынастар мен коммуникация аспектісі маңызды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы