Бағдарлама Конституциямызда баяндалған әлеуметтік құқықтар мен кепілдердің іске асырылуын толыққанды қамтамасыз ететін, әлеуметтік теңдікке бағытталған «халықтың әлеуметтік құжаты» болды. «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің алдына əлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау; табысы төмен азаматтардың баспана мəселесін шешу жəне білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту мәселесін қойды. Сонымен қатар осы мәселелерді шешу жолын көрсетті және қажетті қаржы бөлуді тапсырды.
Жаңа жасақталған Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі жасап, бөлінген қаржыны дұрыс әкімшілендіріп, істеген жұмыстарының нәтижесін әділ, объективті бақылай алса оңды болар еді. Өйткені үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің, яғни денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қорғау, мəдениет, спорт, ауыл шаруашылығы жəне басқа салаларда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілердің еңбек ақысын 30 пайызға дейін арттыруды; аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеру туралы шешімі өте орынды, дәл нысанасын тапқан шара болды. Бұл мәселеге 980 миллиард теңге бөлінеді.
Қоғамымыздың еңсесін күрт төмен түсіріп тұрған мәселе көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы еді. Бұл мәселе де бір жүйеге келетін сыңайлы. 4 балалы және одан да артық баласы бар табысы аз отбасыларына бірінші кезекте қолдау көрсету, кейін келе табысына қарамастан барлақ көп балалы отбасыларына қолдау көрсету керек деген саясат көңілге қонады. 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы əлеуметтік көмекпен қамтылатыны айтылды. Қазақстан Президенті мүгедек бала тəрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) жəрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Жүзеге асыруына 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Сонымен қатар отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына басты назар бөлуді, жергілікті əкімдерге əрбір отбасына баруды жəне көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейту қажеттілігін пысықтап айтты.
Үнзила Шапақ,
Конституциялық Кеңестің мүшесі