Шараны ұйымдастырушылар – Қорғаныс министрлігі және «Қазбат» бітімгерлер жасағының құрамында қызмет атқарып жүріп, 2005 жылдың 9 қаңтарында Ирак жерінде жарылған мина салдарынан қайтыс болған бітімгер-капитан Қайрат Құдабаев атындағы қоғамдық қор мен еліміздегі Польша Республикасы Елшілігінің қорғаныс істері жөніндегі атташесі.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне бітімгерлік миссияның ардагері, Польша Республикасының запастағы бригада генералы Гжегож Бушка және Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мүслим Алтынбаев қатысып, өткенге салауат, болашаққа берекет тілеп, сөз сөйледі. Бұл тұлғалардың айтуына қарағанда, Қазақстан мен Польша бітімгерлері бір-бірімен иық тірестіре жүріп Иракта бейбіт өмір қалыптастыруға атсалысыпты.
Яғни, Ирактағы миссия кезінде 300-ге тарта қазақстандық бітімгер-жауынгерлер «Қазбат» инженерлік-саперлік отряд құрамында 10 рет ротацияға қатысып, далалық пункттерді ауыз сумен қамтып, жарылмай қалған миналарды залалсыздандырған. Сонымен қатар жарылу қаупі бар нүктелердің көзін жойып, Ирак әскери академиясының 572 курсантын сапер ісіне машықтанған.
Көрмеге жоғарыдағы әскери міндеттерді атқару кезінде түсірілген қазақстандық бітімгерлердің 50-ден астам фотосы қойылды.
Шара кезінде Польша Республикасының ұлттық қауіпсіздік бюросы әскери қолбасшылығы департаментінің директоры, бригада генералы Ярослав Крашевски мен Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Бақытұлы тікелей эфирге шығып, аталмыш фотокөрме алдағы 25 мамырда Варшава қаласындағы «Польша Войскосы» музейінде жалғасатынын жеткізді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»