Музей Алаш арысының өмір жолынан сыр шертетін бөлімдерден тұрады. «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» бұрышы Әлиханның туып-өскен, оқып-өнген уақытын суреттейді. Одан соң Омбы, Самара, Мәскеу кезеңін қамтыған мағлұматтар ұсынылған. Мұндағы деректердің барлығы зерттелген, шынайы ақпараттың көшірмелерінен тұрады. Сондай-ақ өзгелерден ерекшелігі – заманауи құралдарды пайдалануында. Мәселен, бөлменің бір бөлігін алып жатқан Quick Response Code ұяшықтарына арнайы орнатылған қосымшасы бар ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз, тарихи тұлғалардың көзін көрген адамдар мен ұрпақтарының, зерттеушілердің естеліктерін, аудио ақпараттарын ести аласыз. Көрнекі құралдардың қатарында шағын бюст пен үлкен портрет және деректі фильмдер көрсететін экран бар.
– 1990 жылдан бері қарай Алаш қайраткері А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтарға музейлер ашылып жатыр. Ал сол Алаш қозғалысының идеологиялық негізін қалап, саяси көсеміне айналған, соның арқасында Қазақ елінің іргетасын қалаған, Алаш автономиясын құрып, оның тұңғыш төрағасы болған Әлиханға арналған тұңғыш ресми музей осы мектеп-лицейде ашылып отыр. Мен Тараз және тағы басқа бірнеше қалада Әлиханға деп жасақталған музейлерді аралап көрдім. Олардың көбінде материалдар интернеттен алынып, жүйесіз падаланылған. Бірақ шын мәнісінде, Әлиханның тұлғасын тереңірек аша түсетін, оның өмірбаянын кеңінен көрсете білетін бірден-бір заманауи мұражай деп, осы жерді айта алар едім, – дейді белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы.
Әлихан Нұрмұхамедұлына арналған музейдің дәл осы мектепте ашылуы тегіннен-тегін емес. Бұл туралы мектеп-лицей директоры Сафура Сейдуалиқызы айтып берді.
– Тау тұлғаның 150 жылдығын атап өту қарсаңында мектептің «Заңғар» театр үйірмесі «Әлихан» спектаклін қойған еді. Мұндай ұсыныс сол кезде балалардан түсті. Біз оны қолдап, 2016 жылдан бері мектепке Ә.Бөкейханның есімін алуға жұмыс істеп жатырмыз. Алдымен музей ашсақ деп жүр едік. Ең бірінші мазмұндық тұрғыда қолдаған Алаштану зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлы болды. Нәтижесін көріп отырсыздар. Ендігі үмітіміз – мектебіміз сол кісінің есімін иеленсе екен, – дейді Сафура Төлекова.
Ал жаңа музей әдебиетші-ғалымдардың оқушылармен кездесетін интеллектуалдық орталығы ретінде де жұмыс істейтін болады.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»