Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Түркістан: Аудандарда игерілмеген жер телімдерімен жұмыс күшейтілуі керек

931 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Басқосуда облыс орталығын дамыту, өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының барысы, сондай-ақ аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Түркістан: Аудандарда игерілмеген жер телімдерімен жұмыс күшейтілуі керек

Жиында алғашқы болып баяндама жасаған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев Түркістан қаласы аумағында жаңадан 10 гүлзар салынатынын жеткізді.  Сондай-ақ, шаһарды көгалдандыру мақсатында 30 мыңға жуық түп ағаш көшеттері отырғызылған.

Көктемгі дала жұмыстары бойынша мәлімдеген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 823,3 мың гектарға, яғни  өткен жылдан 9,8 мың гектарға артық орналастыру жоспарланып отырғандығын жеткізді.

«Күздік егіс 164,5 мың гектарға егілді. Жер айдау жұмыстары 510,8 мың гектарға жоспарланып, 501,2 мың гектар жер айдалды. Жер айдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінгі күнге 67,2 мың гектар жаздық дақылдар егілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тоннасы 193 мың теңгеден 38 мың тонна жанар жағармай бөлініп, операторлар анықталды. Агроқұрылымдарға жеткізіп беруді қоса алғанда литріне 165-167 теңгеден босатылуда. Бұл нарықтық бағадан 22-24 теңгеге арзан», - деді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылғына байланысты облыс әкімі жерді игеру бойынша аудандағы жұмыстарды сынға алды. Әсіресе, Арыс, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында жер игеру төмен деңгейде екенін атап өтіп, аудан басшылары  аталған саладағы жұмысты реттемесе қатаң шара көрілетіндігін айтты. Сондай-ақ, субсидияларды уақытылы алу әкімдердің тікелей жауапкершілігі екенін ескертті.

Сонымен қатар, жиында өңірдегі аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналарды әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев облыста жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқандығын жеткізді.

«Облыста жалпы 86,6 мың көпбалалы отбасы бар. Бұл республикалық көрсеткіштін 25 пайызын құрайды. Олардың ішінде 16,5 мың отбасы аз қамтылған қатарында. Республикада 571,6 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 34,2 пайызы Түркістан облысының тұрғындары. Еліміз бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 28 млрд.теңге тағайындалған, оның 15,7 млрд теңгесі (56%) облыстың үлесінде. Сондай-ақ, өңірде өткен жылы 29 627 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, тұрақты жұмыспен 26 508 адам қамтылды. Бұл республика деңгейінде ең жоғарғы көрсеткіш» , - деді Мұхит Отаршиев.

Облыста атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдалану үшін шартты ақшалай көмектің біржолғы төлеміне басымдық берілуде. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде әзірленген 15 кіші бизнес жобаның іске асыру нәтижесінде 26 459 отбасы ірі және уақ мал шаруашылығымен, 4243 отбасы қызмет көрсету саласында кәсібін дамытуда.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төлеу бойынша сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілген. Бұл үшін Е-халық ақпарат жүйесі аудан, қалалардың округтерінде енгізілуде.

Жиынды қорытқан облыс әкімі әлеуметтік көмек рәсімін оңтайландыруға бағытталған Е-халық ақпарат жүйесін енгізу бойынша мерзімінен кешігіп жатқан аудан, қала басшыларына жеделдету қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, облыстағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмекті үлестіру жұмыстары заңды,  әрі әділетті болу қажеттігін жүктеді.