Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Мамырда көпбалалы отбасыларға 2 мың пәтер беріледі

1716 реткөрсетілді

Еліміз бойынша көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге Үкімет айрықша көңіл бөліп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл санаттағыларға 5391 пәтер беріледі. Бұл туралы Астанада көпбалалы аналармен болған кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты. Комитет төрағасы тек мамыр айында көпбалалы аналарға 2 мың пәтер берілетінін атап өтті.

Жалпы, елімізде тұрғын­дардың әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтарына, көпбалалы отбасылар мен аналарға қолдау көрсету шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының ақпан айында өткен кезекті ХVІІІ съезінде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуді Үкіметке айрықша тапсырған болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкімет нақты шараларды қолға алды. Өткен аптада әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова басқарған топ еліміздің батыс өңірін аралаған еді. Батыстағы төрт облыста өткен кездесулерде атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктері, білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбек­ақысын көтеру және тағы бас­қа да мәселелер ашық талқы­ланып, лауазымды тұлға­лар тұрғындардың сауалдарына жауап берген-ді. 

Ал ке­ше Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрі Берді­бек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Кү­ләш Шәмши­динова, Ден­сау­лық сақтау ви­це-министрі Ләз­зат Ақтаева, Астана қала­сының әкімі Ба­қыт Сұлтанов қаладағы көпбала­лы аналармен кездесті. Жиынға халықты әлеуметтік қорғау мә­селесіне тікелей немесе жа­нама түрде қатысатын құры­лым­дардың басшылары да қатысты. 

Кездесуде көпбалалы от­ба­сы­ларға көмек көрсету те­тіктері, 1 сәуірден бас­тап бері­ле бастайтын атау­лы әлеу­меттік кө­мектің ерек­шеліктері, «Алтын алқа» және «Күміс ал­қа» иегерлері тә­різді көпба­лалы аналарға көр­сетілетін жәрдемнің атаулы әлеуметтік көмекті есептеу ке­зінде қалай ескерілетіні жайлы айтылды. Сонымен қатар кездесуде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Б.Сапарбаевтың айтуына қарағанда, баспана кезегіне қатысты ережелер өзгеруі де мүм­кін екен. Атап айтқанда, көпбалалы аналарды баспана кезегінде жалпы тізімнен бөлек тәртіппен қою мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Қазіргі кезде біз көпбалалы аналар үшін бөлек бір кезекті құру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бірақ оны бірден жасай алмаймыз ғой. Бәрін жан-жақты қарау қажет. Қанша қаржы керек? Қанша баспана салу керек? Соның бәрін жан-жақты қарастырамыз» деді Б.Сапарбаев. Сонымен қатар министр «Алтын алқа» иегерлерінің тұрғын үй ке­зе­гінің жалпы тізіміне кірмей­тінін, олардың өзгеше статусы бар екенін атап өтті.

Ал Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуына қарағанда, 2019 жылы жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерді іске қосу жос­парына сәйкес ел бойынша 20563 пәтер берілмек. Оның 5391-і жылдың алғашқы жар­тысында өз иелерін тап­пақ. Мамырда көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс 2 мың пәтер де осы бес мыңдықтың ішіне кіріп отыр. Сонымен қатар Үкімет көпбалалы отбасылар үшін 2 пайыздық ипотека беруді де көздеп отыр. Бұл ипотеканың алғашқы жарнасы 10 пайыз болмақ. Алғашқы жарнаның орнына жергілікті әкімдіктер беретін тұрғын үй сертификатын да пайдалану мүмкіндігі бар. Астана қаласының әкімі Ба­қыт Сұлтановтың айтуын­ша, бюджеттік ұйым қызмет­кер­леріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру көзделгенін айтты. Ал өзге өңірлерде ша­ма-шарқынша мұндай серти­фикаттар ұсынылмақ.

Қыс­қасы, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жан-жақ­ты жүргізілмек. Соның ішін­де оларды баспанамен қамта­масыз ету мәселесі ал­дың­ғы қатарға шығып отыр. Ес­теріңізге салар болсақ, елі­мізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелсе, олар­дың 28 мың 126-сы үй кезе­гінде тұр.

Амангелді ҚҰРМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Іргелі ізденістер ошағы

Аймақтар • Кеше

Арам ойы іске аспады

Аймақтар • Кеше

Атырау – Арыспен бірге

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар