Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы бүгінде кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешуге әр өңірде құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер көмектесетінін айтты. Аталған кеңестердің жиындары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен өтіп тұратыны белгілі. Қаржы министрлігі жанынан құрылған Апелляциялық комиссия да салықтық дауларды сотқа жеткізбей шешуге көмектесетін тиімді құралдардың бірі болып отыр. Т.Құлыбаевтың пікірінше, осы оң тәжірибені экология, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары сала-
ларында да, барлық бақылаушы органдар арасында да қолдану керек. Бизнестің негізгі проблемаларын, соның ішінде сыбайлас жемқорлық белгілерін анықтауда өңірлерде жүргізілетін скринингтік зерттеудің де көмегі зор.
– Түркістан облысы, Ақтөбе және Атырауда қанатқақты скрининг жүргіздік. Жылдың соңына дейін скрининг барлық өңірде жүргізілетін болады. Осылайша, ауылда инфрақұрылымды әрі қарай дамыту үшін әр елді мекендегі тұрғындар мен кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерінің өзекті тізімі анықталады, – деді Т.Құлыбаев.
Төралқа төрағасы соңғы жылдары бизнеске арналған рұқсаттар саны 70%-ға қысқарып, талаптар 60%-ға азайғанын атап өтті. Оның айтуынша, бизнеске бақылаушы органдар тарапынан жасалатын қысым 20%-ға төмендеген, тексеру мерзімі екі есе қысқарған. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру оң нәтиже беріп, экономика саласындағы тіркелген қылмыстық істер 5 есеге қысқарған.
Осы ретте Т.Құлыбаев бос жер телімдері жайлы ақпараттың ашық жарияланбауы сыбайлас жемқорлықтың тағы бір көзі екенін айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазіргі таңда 2,3 млн гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталыпты. Мониторинг жүйесінің жетілдірілмегені, өкілетті тұлғалар жеке пайданы көздеп, мәліметтерді өзгертіп, жер телімдеріне иелік құқығын беруден негізсіз бас тартатыны осыған себеп болып отырған көрінеді.
– Соның салдарынан көптеген жер игерілмейді, экономикалық процестер дамымай, мемлекет бюджетіне салық пен төлемдер түспейді. Әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы
1,1 мың жер телімі сатылымдар бойынша қолданысқа берілген, бұл жалпы көлемнің небәрі 6%-ы ғана. Биыл әкімдіктерді бос жерлерге қатысты ақпаратты цифрландыруға қатысты жұмысты аяқтауды сұраймыз. Бұл шара бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға да мүмкіндік береді. Осындай ақпараттық базаны бірлесіп жасайық, бұл атқарылған жұмыстың нақты индикаторы болмақ, – деп қорытындылады Т.Құлыбаев.
Форумда «Атамекен» өңірлердің цифрлы карталарына бірыңғай талаптарды әзірлеуді ұсынды. Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің айтуынша, жер туралы ақпаратты түсінікті әрі қолжетімді ету керек. Бұл үшін өңірлердің интерактивті карталарын жетілдіру қажет. Электронды карталар инфрақұрылым, қолжетімді инженерлік коммуникациялар, энергиялық қуаттылық, қолданыстағы және жоспарланған құрылыстар, Бас жоспарлау, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, техникалық шарттар, қосу нүктелері және басқа да мәліметтерді қамтуы керек.
Форум соңында «Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында 2019 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»