19 Наурыз, 2019

Ақтөбе облысының әкімі Ойыл және Қобда аудандарының дамуымен танысты

1327 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандарды аралауды жалғастыруда. 17 наурыз, жексенбі күні өңір басшысы Ойыл және Қобда аудандарының бірнеше елді мекендерінде болды.

Ақтөбе облысының әкімі Ойыл және Қобда аудандарының дамуымен танысты

Күннің бірінші жартысында Оңдасын Оразалин Ойыл ауданының Бестамақ ауылында болып, алпыс орындық мектептің тұрғызылу барысымен танысты. Жобаның жүзеге асырылуы 2017 жылдың қазан айында басталған, бірақ әлі пайдалануға берілген жоқ. Құрылысты аяқтауға 160 млн теңге қажет. Жұмысты тезірек аяқтауды талап еткен облыс әкімі қаржыландыру осы жылы толық көлемде жүзеге асырылатынына сендірді.

Аудан орталығы – Ойыл ауылында өңір басшысы орталық аудандық аурухананың ғимаратында болды. Материалдық-техникалық жарақтануын қарап шыққан Оңдасын Оразалин цифрландыру элементтерінің енгізілуіне, атап айтқанда емделушілерге қызметті электронды түрде ұсыну деңгейіне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, облыс әкімі төтенше жағдайлар және №14 өрт сөндіру бөлімінде болды.

Өңір басшысы ғасырлық тарихы бар музыкалық мектепке де барды.

Облыс әкімі тарихи құндылығы бар құрылысты сақтау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, музыкалық мектептің ғимараты қалпына келтірілуі тиіс. Оңдасын Оразалин ғимарат қалпына келтірілген соң ауданның тарихи-мәдени орны болып біраз уақыт қызмет атқаратынына сенімді.

Сонымен қатар, өңір басшысы ветеринарлық станса жұмысымен танысып, танысу соңында аудандағы ветеринарлық қызметті дамыту, мал дәрігерлік стансаға жаңа ғимарат беру бойынша бірқатар тапсырмалар берді, өйткені қазіргі ғимарат апаттық жағдайда.

«Сіздерде цифрландыру, электронды есеп жүргізу жұмыстары жүргізілмейді. Сіздердің халыққа қызмет көрсетуіңіз уақыт талабына сай емес. Бұл халықтың наразылығын тудырады. Мемлекеттік қызметтердің барлық түрі электронды форматқа көшу керек. Бұл сұраққа ерекше назар аударған жөн. Бұл Елбасы талабы екенін білесіздер», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

 Халықпен кездесу аудандық мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі Дастан Сағыров 2018 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму мен 2019 жылға арналған жоспарлапр туралы есеп берді.

Есептің қорытындысы бойынша облыс басшысы аудан биліктеріне жұмысты қай бағытта күшейту қажеттігін көрсетті.

«Талдауға сәйкес, жеке инвестиция тарту, өнеркәсіптік кәсіпорындарды енгізу жұмыстары өте әлсіз, былтыр жол бойында қызмет көрсету  жобаларының бірде бірі жүзеге асырылмаған, осы жылға да ондай жоспарларыңыз жоқ. Бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік қолдау құралдары да қолданылмайды. Өткен жылы ауданның бірде бір жобасы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатыспаған. Ауыл шаруашылығы кооперативтері бойынша да ілгерілеу жоқ. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығын күшейту қажет. Шаруашылықтарды нығайтуға жұмыстаныңыздар, ауыл тұрғындарына 2-3 бас емес, кемінде 12-15 бас ірі қара мал сатып алу үшін несие алуға көмектесіңіздер. Сонда ғана олар табыс тауып, ауылдастарын жұмыспен қамти алады»,- деді Оңдасын Оразалин.

Ол сондай-ақ, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жағын жандандыруды, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің расыменде мұқтаж отбасыларға тағайындалуын қамтамасыз етуді және т.б. тапсырды.

«Сіздің аудандағы орташа еңбекақы 76-80 мың теңге, бұл республика бойынша орташа еңбекақыдан екі есе аз. Азаматтардың табысын көтеру – Елбасы тапсырмасы. Бұл жерде аудан биліктері де күшеюлері керек»,- деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу кезінде аудан тұрғындары облыс әкіміне толғандырған сұрақтарын қойды. Көбінесе, елді мекендерді газдандыру, жол құрылысы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрады .

«Бұл өкінішке қарай, бір күнде шешілетін проблемалар емес.  Бірақ, сіздердің барлық сұрақтарыңыз қаралып, біртіндеп шешілетін болады. Өйткені, ауылдардың инфрақұрылымдық дамуы, цифрландыру, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру – Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі»,- деп сендірді облыс әкімі.

Ақсақалдардың бірі жайылымдық жерлердің жоқтығына шағымданды. Оңдасын Оразалин аудан әкіміне аталмыш мәселені егжей-тегжейліанықтауғажәне оған барлық деректемелер туралы толық хабарлауға тапсырма берді.

Кездесу соңында облыс әкімі сондай-ақ, тары өсіруді жандандырып, тарыны Ойыл ауданының нағыз брендіне айналдыруға тапсырма берді.

Кейін Оңдасын Оразалин азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Сапар кезінде облыс әкіміне үйлері өртенге екі отбасы жайында белгілі болды. Облыс басшысы оқиға орнын қарап шығып, жапа шеккендермен әңгімелесті.

Өрттің салдарынан Ержан Еңсегеновтің жанұясы баспанасыз қалды. Ер адамның үйі жартылай зардап шеккен, қазір үй тұруға жарамсыз, бірақ қалпына келтіруге болады. Өзі мүгеек әрі қаражаты жетпейтіндіктен Ержанның үйді қалпына келтіруге қауқары жоқ. Оңдасын Оразалин үйді қарап шығып, аудан әкіміне құрылыс материалдары мен жұмыс күші жағынан көмек беруді тапсырды. Үйді осы жазда толықтай жөндейді деп күтіліп отыр. Осыған дейін әкімдік Еңсегеновке үй жалдап берген.

Ерлі-зайыпты Қаженовтардың алты баласына жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Бұл отбасы да үйлерінен өрт кезінде айрылған.

Күннің екінші жартысында өңір басшысы Қобда ауданына барды.

Түстен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында орналасқан мектеп жанындағы интернатты аралады. Қазіргі уақытта интернатта 25 тәрбиеленуші бар. Демалыс бөлмесі, оқу залы, жуыну бөлмелері, медициналық кабинеті жұмыс жасайды.

Осы тұста облыс әкімі О.Оразалин аудан басшылығына интернаттағы білім сапасын көтеріп, оқу үрдісін заманауи талаптарға сәйкестендіруді тапсырды. Әсіресе, балалардың оқу үлгеріміне етене көңіл бөлу керек деді.  

Содан кейін аймақ басшысы мектеп интернат түбіндегі мәдениет үйінде болды. Өнер ошағының жұмысымен танысып, алдағы жоспарларынан хабардар болды. Ғимарат ішіндегі кітапханаға кіріп ауыл хақының қандай кітаптарға қызығушылығы артқанын білді.

«350 оқырманы бар кітапханада ғаламтор жоқтығына алаңдаймын» - деді өңір басшысы. Өйткені компьютерлер тұрғанымен, интернет желісіне қосылмаған болып шықты. Облыс әкімі аудан басшысына заман ағымынан қалмай, ілгері дамыған қоғамда, соның ішінде білім нәрімен сусындайтын кітапханада міндетті түрде  өз интернет желісі болу керек деп қатаң ескерту жасады. Сондай-ақ, Цифрлы Қазақстан бағдарламасы елімізде үдере дамып жатқанын атап өтті.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

«Жаңа технологияны пайдаланып егістік көлемін көбейту керек. Егіннен тыс малдың басын да арттырған жөн. Жергілікті ауылдың адамдарын жұмысқа тартып, кәсіптің көзін үйрету қажет» - деп атап өтті өңір басшысы.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет облыс басшысына ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кеңінен ақпарат беріп өтті. 

«Адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жұмыстар көп. Жастарымызды өркениетке тартуымыз керек» - деді облыс әкімі жиналғандарға.    

«Ақтөбе облысы - республикада жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсы өңір. Дегенмен жан басына шаққанда жағдай онша мәз емес. Республикалық орташа жалақыдан аудандағы жұмыс жасап жүрген адамның еңбекақысы екі есе төмен. Сондықтан аудан әкіміне осы салада тынбай еңбек ету керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Әсіресе, ауданға қарасты ауылдарда жол, газ жағдайы өткір болып тұр. Ең басты мәселелер де - осылар.  Осындай проблемалар бар. Ауруын жасырған өледі деген қазақ. Оны жасырмай айту керек және осы салада еңбектену қажет. Біз келешекте осыны қалай жақсартамыз деп жоспар құрып, жұмыстануымыз тиіс. Елбасының алдымызға қойған нақты талабы бар. Өңірге инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі» - деді аймақ басшысы өз сөзінде.

«Аудандағы ірі қара мал басы тұрғындарға шаққанда 2-3 тен ғана келеді. Сондықтан мал өсірем деушілерге қолдау көрсету керек. Сонда ғана олар жауапкершілікті сезініп, өнім көлемі мен табысы артады. Екіншіден ауылдастарын жұмыспен қамтиды. Қай жерге барсаң да малшы керек. Соңғы кездерде осы мамандықтың тапшылығы қатты сезіледі. Бұл проблеманы да мен жақсы білемін. Дей тұрғанмен осы бір ескі мамандықтың беделін арттырып, олардың жағдайын жасау керек» - деді аймақ басшысы  аудан халқымен кездесу барысында.  

Бұдан кейін өңір басшысы аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, жиыннан соң қобдалықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. 

Бұдан соң, аудандағы жаңадан салынған мектеп пен көпқұрылымды спорттық кешіннің жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Сондай ақ, жиын соңында аудан әкіміне өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған нақты тапсырамаларды жүктеді.