Құртақандай дяоюйтайдың үлкен дауы
Жұма, 24 тамыз 2012 7:27
Ел мен елдің арасында жерге байланысты дау жиі туындап жатады. Басқалар араағайындыққа жүріп, тыныштанып та жататыны бар. Алыптар арасында дау туса, оның тыныштануы қиын. Қытай мен Жапония арасындағы құртақандай Дяоюйтай аралы үшін даудың солай болуы ықтимал.
Жұма, 24 тамыз 2012 7:27
Ел мен елдің арасында жерге байланысты дау жиі туындап жатады. Басқалар араағайындыққа жүріп, тыныштанып та жататыны бар. Алыптар арасында дау туса, оның тыныштануы қиын. Қытай мен Жапония арасындағы құртақандай Дяоюйтай аралы үшін даудың солай болуы ықтимал.
Дяоюйтай – Қытайға, одан да гөрі Тайваньға жақын орналасқан, Жапонияның Рюкю аралдар жүйесіне кіретін, адамдар мекен етпейтін құртақандай арал. Әрине, қандай елге болса да, ұлтарақтай жері қымбат. Бұл арал үшін біраздан бері Азияның екі ұлы державасы арасында дау бар. Бұл өзі 1999 жылы осы арал аймағынан айтарлықтай газ қоры (200 миллиард текше метр) табылған соң, күшейе түсті. Газ деген бұл екі ел үшін айрықша маңызды.
Шын мәнінде халықаралық құқық бойынша бұл арал кімдікі? Оны ашқан қытайлар. Ал 1895 жылы Симоносек келісімі бойынша Жапонияға берілген. Сол келісімге байланысты екі ел арасындағы алғашқы соғыс тоқтатылған. Жапония бұл аралдан 1945 жылғы жеңілістен кейін айрылды. Арал сонда Окенава аралымен бірге АҚШ-тың билігіне берілді. Кейін АҚШ пен Жапония арасы жақсы болды да, Вашингтон оны 1970 жылы Токиоға қайтарды.
Сонда Дяоюйтай кімдікі болғаны? Халықаралық келісімге жүгінген жөн шығар. Ел басшылығы ресми түрде дауға бармаса да, бұл жолғы даудың бастамашылары төменнен, халықтан шығып отыр. Экономикалық қиындықтар кезінде халықтың патриоттық сезімі күшейетін үрдіс бар. Мұны, сірә, соның көрінісі десе болар. Гонконгтағы қытайлар екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын, онда Жапонияның жеңілісін Дяоюйтай аралында атап өтпек болған. Бұдан хабардар жапон теңіз қызметінің адамдары оларды оңай ұстап алып, ауылдарына қарай қуып жіберген.
Ұлттық намысты жапондар ешкімнен сұрамайтын халық. Бұл оқиғаны ести сала шхунамен 150 адам аралға аттанды. Олардың арасында депутаттар да бар. Аралға жетісімен, жағаға шығу оңай болмаса да, суға қойып кетіп, жоғарыға шығып, ел туын тіккен көрінеді.
Сөйтіп, арал үшін күрес басталып, ол кәдімгідей жұрт тәуеп ететін жерге айналып шыға келген. Бірақ теңіз айдынындағы құртақандай аралдағылардың сөзін кім естиді, арал үшін айқас негізінен ел ішінде жүрді. Өткен демалыс күндері Қытай мен Жапонияның ірі қалаларында митингтер өтіп, онда халық өздерінің патриоттық көңіл-күйлерін білдірді.
Халық сөйтіп жатқанда, үкіметтер қарап отыра алмасы белгілі. Екі жақтың дипломатиялық әрекеттері күшейіп, жағдайды аралға байланысты бұрынғы келісімдер арнасына түсіру ойлары жүзеге аса қоймайды. Сірә, халық митингілеп жатқанда, өздері оны елемегендей болғысы келмеген де шығар. Тіпті Жапония Қытай жағынан бұл елдегі өз адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті.
Дипломатиялық күрестің деңгейін Жапонияның Қытайдағы, АҚШ-тағы және Оңтүстік Кореядағы елшілерін ауыстырғанынан-ақ аңғарғандайсың. Осыған қарағанда, бұл дау біразға созылып, екі елдің қарым-қатынасына біршама салқынын тигізетін шығар-ақ.
Әрине, даудың келісіммен аяқталғаны жақсы. Сөйтсе де, осындай дауға тосқауыл болатын аса беделді халықаралық келісімнің, тіпті бір құрылымның жоқтығы таңдандырады. Мемлекеттер аумағының тұтастығын, белгіленген шекаралардың бұзылмайтынын қатаң бақылайтын, талап ететін құзыретті орган болса, елдер арасындағы талай қақтығысқа жол берілмес еді-ау дейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».