05 Наурыз, 2010

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
10 000 000 000 “Жол картасы” бағдарламасы аясында өткен жылы осыншама теңгеге жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдары жөнделген Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен белгіленген “Жол картасы” бағдарламасы аясында өңірде әлемдік дағдарыстың сал­қынын сездірмеу мақсатындағы кешенді шаралар қолға алынып, дамудың жаңа сатысына бағыт түзелгенін айтуға болады. Соның бірі өңірдегі көп жылдан бері көңіл бөлінбеген автокөлік жол­дары қалпына келтіріліп, жол қауіпсіздігі шараларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың тиянағы келтірілгендігі. Бағдарлама аясында өткен жылы жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдарын жөндеу мен ұстауға 10 млрд. теңге жұмсалып, барлығы 478 шақырым, яғни 1 млн. 214,5 мың шаршы метр жол қалпына келтіріліпті. Олардың қатарында Текелі, Жамбыл, Қаратал, Сарқан, Талғар, тағы басқа аудандардағы алыс елді мекендер арасындағы жолдардың жөнделгенін айтуға болады. Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы. 2 810 000 000 Тараз қаласындағы 76 нысанға “Жол картасы” шеңберінде осыншама теңге бөлінді Биыл “Жол картасы” шең­бе­рінде Тараз қаласындағы 76 ны­санға 2 миллиард 810 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде ин­же­нерлік-коммуникациялық жүйені дамытуға 1 миллиард 429 миллион 650 мың теңге, “Жеңіс” саябағын көріктендіру мен көгалдандыруға 101 миллион теңге, қаланың 44 көшесінің жол өтетін бөлігін қайта жаңғыртуға 699 миллион 924 мың теңге қа­ралды. Ал №№ 13, 49 мектептер мен ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің мектеп-интернатын жөндеуге 99 миллион 375 мың теңге жұм­сал­мақшы. Сондай-ақ, 7 аурухана мен 2 емхананың жөндеу жұмы­сына 430 миллион 53 мың теңге бөлінді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайын жөндеуге 50 миллион теңге қаралып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Жамбыл облысы. 123 000 000 Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы шағын ауданында пайдалануға берілген жаңа емханаға әкелінген компьютерлік томография осыншама теңгеге сатып алынған Америкалық “РІLІPS” ком­па­ниясы шығарған бұл аппа­рат­тың артықшылығы көп. Қазір қа­лада жұмыс істейтін төрт ком­пью­терлік томографияның мүм­кіндігі әр түрлі. Жаңа ап­па­рат рентген сәулесімен жұмыс істейді. Бұған дейінгі томография адам ағзасын алты кескінде тек­серсе, бұл аппарат оны он алты бөліп, ағзаның әр миллиметрінің кескінін компьютерден көрсете алады. Жаңа компьютерлік томо­гра­фия­да Мәскеу қаласындағы ем­ха­налардың бірінде білімін же­тілдіріп келген білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ем­хана осы заманға сай барлық қа­жетті медициналық қондыр­ғы­лармен жарақтандырылған. Жұмысын жаңа бастап жатқан емханада еңбек ететін денсаулық сақтау саласының 286 қызметкері осы аудандағы 10 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.