Аймақтар • 24 Наурыз, 2019

ШҚО: Көкпекті ауданында кәсіпкер 6 баланың анасына баспана сыйлады

779 реткөрсетілді

Наурыз мерекесі қарсаңында Көкпекті ауылының тұрғыны, 11 жылдан бері пәтер жалдап жүрген Боранбаевтар әулеті бақытқа кенелді. Зухра мен оның алты баласын қуантқан, отағасы Аманғажыны жігерлендірген көкпектілік жомарт кәсіпкер мен ауылдың атқа мінер жігіттері.

Зухра Боранбаеваның жетінші балаға аяғы ауыр екен. Айы-күні таяп отырған ана, жаңа баспанасымен құттықтап келген бізбен  ақжарма тілегін былай бөлісті: «Ауылда туып өстім. Тұрмысқа шыққан соң ата-анамыздан бөлек шығайық деп пәтер жалдадық. Мен Құдайдың берген балаларын бағып үйде отырдым. «Әне үй алармыз, міне үй алармыз» деп талпынсақ та, үйелмелі сүйелмелі үш бала жедеқабыл келді. Отағасы Аманғажы жалғыз бас көтерер, оның табысы киім-кешек, тамақтан аспады. Сөйтіп алты балалы ана атандық. Ауылда тұрғын үй салынбағандықтан үй кезегі де жетпеді. Биыл да аяғым ауырлады. Жұма күні шелпек пісіріп, ас қамдап отыр едім, үйге бұрын Көкпекті ауылында әкім болған Руслан Бектасов ағай келіп: «Сізді «Елім-ай – Көкпекті» басшысы кеңсеге келсін деп жатыр» деді. Киініп барсақ, Болат Бекбердинов аға: «Мен сіздерге үй алып бердім. Мынау кілті, мерекеңізбен құттықтаймын» – деді. Төбем көкке жетті. Менің оларға деген алғысым – аман-есен босанып, осы балаларымды нағыз азамат етіп тәрбиелеуден басталар. Қыздарымды апайдай, ұлдарымды ағайдай етіп тәрбиелеп, ел қатарына қосқым келеді. Басқа көп сөзді айтып, куанышымды жеткізу мүмкін емес».

Төрт бөлмелі үйін тап-таза етіп жинап қойыпты. Ұлдарда – Әділ, Ұлан, Әлинұр үшін бөлек бөлме, қыздардыкі – Гүлім, Толғанай, Тоғжанға да жылы, жарық жай  бар екен. Қонақ бөлмесі мен асүйі ат шаптырым. Жылы, жарық, терезеге гүл еккен ана мен баланың қуанышында шек жоқ. Сыртқы жай бөлек шаруашылық – монша, гараж, жазғы ас үй, мал қора, отын шошаласы сақадай сай, қатып тұр. «Қайтсем отбасымды асыраймын, балаларымды жеткіземін, жарымды бақытты етем» деген Аманғажының жігеріне жігер, қайратына қайрат қосылды. Балалы үйін базар еткен ағаларына дән риза. Қайырымды жігіттердің қамқорлығының қайтарымын қызын ардай аялап, ұлын асыл азамат етіп өсіріп қазақтың санын көбейтумен қайтармақ. Қуанышқа ортақ болғанымызға біз де шаттандық. Дәл осындай қайырымды халқына, жылуы жұртына жететін қазақ азаматтары қасиетті жерімізді көркейтетіне кәміл сендік.

Айта кетейік, Көкпекті ауданында аудан кәсіпкерлерінің бастамасымен ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін 193 көпбалалы және жағдайы төмен отбасыға 8 миллион теңгеден астам қаражатқа материалдық көмек көрсетілді.  

Қайрат БЕСБАЙЫС,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар