24 Наурыз, 2019

Кремльді тамсандырған Димаш

1190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күміс көмей даусымен әлемге танылған Димаш Құдайберген Кремльде екі күн бойы ән салып, сарайға жиналғандарды тамсандырды. 

Кремльді тамсандырған Димаш

Халықтың ықыласына бөленген әншінің концерті өткен залда ине шаншар орын болған жоқ. Іс-шараға әлемнің 50-ден астам елінен жанкүйерлер келген екен. Тіпті, билет сатылымға түскен күні-ақ түгесілген көрінеді. 

Кремльге жиналған көрермендер арасында әншінің ата-анасы, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресей Премьер-Министрінің жұбайы Светлана Медведева, эстрада жұлдыздары және басқа да құрметті қонақтар болған. 

Айта кетерлігі, танымал әнші Анита Цой қазақстандық әншінің өнерін тамашалау үшін өзінің жоспарлаған сапарынан бас тартқан екен. Цой өзінің инстаграмдағы парақшасында Димашты құттықтап, бірегей даусын көздің қарашығындай сақтауға кеңес берді.

Алғашқы күнгі концерт үш сағатқа созылды. Көрермендер Димаш әр әнін айтып болған сайын қошеметтеп, қолдау білдіріп отырған. Әсіресе, «Димаши» деген дауыстан құлақ тұнады. Димаш қай тілде ән шырқағанына қарамастан, залға жиналған көрермендер онымен бірге қосылып отырды. 

«Ана» әнінен кейін Димаш көрермендерге әуелі әжесін, содан кейін анасын таныстырып, «Қазақтарда тұңғышын ата-әжесіне беру дәстүрі бар. Егер анамды бірінші атасам, үйде дау туады» деп әдемі әзілдеді. 

Сондай-ақ Screaming, «Ямайка», All By Myself, «Грешная страсть» секілді әндерді нақышына келтіріп орындаған Димаш жанр таңдамайтын бірегей әнші екенін көрсете білді. Бұдан бөлек Димаш өзіне әсер еткен өнер жұлдыздарына ән арнап, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген Игорь Крутойға алғыс білдірді. 

Өз кезегінде Димаш Құдайберген концерттің өтуіне қолдау білдірген азаматтарға рахметін айтты. 

«Рахмет, Мәскеу! Екі күн қатарынан  Кремльде аншлаг болды! Сіздер үшін өнер көрсеткеніме бақыттымын. Осы жобамен жұмыс істеген барлық адамдарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгін «1 каналда» кездесеміз», деді Димаш инстаграмдағы жеке парақшасында.
Концерт барысында Димаш Құдайбергенге бірегей сыйлық бергендер де табылды. Мәселен, якутиялық қолөнер шебері Хаарчаане Баппагай сүйікті әншісінің бейнесіндегі қуыршақты сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше