25 Наурыз, 2019

Кремльде қазақ әуені асқақтаған күн

668 реткөрсетілді

Құдайшылығын айтқанда, қазақ өнері бұрын-соңды осыншама биік белеске көтерілмегені анық. Өзіміздің барымызды бағаламай, Батыстың да, басқаның да болымсыз әуеніне еліктеп, келгеніміз күні кеше ғана еді. Сөйтсе, ол біздің ұлттық өнеріміздің  осалдығынан емес екен. Әншінің өнерімен, табиғи талантымен астасқан құбылыс көрі­неді. Талантың болса, тіліңді түсін­бесе де, күллі әлем түгелдей сүйсіне тыңдайды екен-дағы. Ол әуелі Қытай еліндегі  халықаралық байқауда қазақ өнерінің адам баласы таңдай қағарлық кең диапазонды тынысын танытып, ал кейіннен әншілік әлеуеті арқылы талай-талай  жұрттың жүрегіне жол тартты.  Алаш әншісінің таңғажайып дауысына ұйығандар қазақ әнінің өзіне ғана тән құдіретін мойындады.  Өнер қонған іргелі ұлттан, қабілетті халықтан  дарындар мен таланттар  шықпай тұрмайды екен.  Дара талант. Тіпті бүгінгіше айтқанда мегаталант. Ол біздің Димаш! Лара Фабианша қайырар болсақ, «Ғарыш баласы».

Наурыз мерекесінде екі күн бойы – 22-23 наурызда Мемлекеттік Кремль сарайында естен кетпес ерекше концер­тін өткізу  ән-құдірет –Димаш Құдайбергеннің  дара  қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Айшылық алыс жер­лерден жылдам хабар алғызған» мына заманда  Димаштың Кремль сарайын­дағы  үш сағаттық концертіне билетті  үш-төрт ай бұрын сатып алып,  мұхиттарды, елдерді артқа тас­тап келген жандар қаншама. Екі күн бойы 6 мың орындық зәулім сарайға лықа толған көрермендер арасында қай ұлттың өкілі жоқ дейсіз.  Қытай, Америка, Франция, Англия, Ресей сияқты музыканың майын ішкен алпауыт елдерді айтпағанда, әлемнің 50-ден астам елінен көрермендердің Кремльге ат басын тіреуі қазақ әншісінің  әлемдегі ерекше феномен екенін ұғындырса керек-ті. 

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар