Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Ұрпақ алдындағы ұлық шешім

661 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемді таңғалдырған шешім қабылдады. Өз орнын Сенат Төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.

Ұрпақ алдындағы ұлық шешім

Астана атауы – Нұр-Сұлтан

Қазақстанды 28 жыл басқарған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда шешімін жариялады. Соның артынша, 20 нау­рызда Парламенттің бірлескен отырысында жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді. Мұндай шешімнің Қазақстанды ғана емес, Орталық Азияны және Түркия тарапын да таңғалдырғаны рас. 

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алады. 18 миллионнан астам халқы бар. 1991 жылы қазақтар елдегі халықтың 45 па­йы­зын құраса, бүгінде 70 пайызға жет­ті. Мұнай, табиғи газ, уран секілді қазба байлықтарға ие. 

2005-2018 жылдар аралығында елге 282 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетел инвестиция­сы құйылса, оның 47 пайызы еу­ро­­палық елдерге, ал 13 пайызы АҚШ-қа тиесілі. Басқаша айтқанда, Қазақ­стан Шығыс пен Батыстың өзара әрекеттесуінің маңызды орта­лы­ғы болып табылады. 2010 жылы ЕҚЫҰ және 2011 жылы Ис­лам Ынтымақтастығы Ұйымына төр­аға­лық етуі бұл теңгерімнің көрінісіне айналды.

1990 жылдардың ауқымды технологиялары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, бүгінгі таңда Қазақ­стан әлемде бизнес жүргізудің қа­ра­пайымдылығы бойынша 190 ел арасында 28-орынға көтерілді. Мем­лекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі қажет жағдайда бірге қолданылады. Алайда, Назарбаев 1940 жылдан бері қолданыста болған кириллица алфавитінен бас тартып, латын графикасын қабылдау туралы шешім шығарды. 2025 жылға қарай 32 әріптік жаңа алфавит елдің барлық ішкі жүйелерінде іске қосылады. 

Елдегі трансформация мен көр­нек­і мақсаттарды белгілейтін ең ма­ңызды жұмыс – иен далаға салынған Астана қаласы. Назарбаевтың отстав­каға кету туралы шешімінен кейін Қазақстан Парламенті Астана атауын Нұр-Сұл­тан деп өзгертетін заң жобасын мақұлдады.

Түркі әлемінің ақсақалы 

Н.Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төр­ағасы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы қызметтерін жал­ғастыра бермек. Ол Кеңес өкі­меті құлағаннан кейін ел тізгінін осы уақытқа дейін ұстап келген жалғыз басшы болатын. 

Қазақстанның географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, көреген шешімдерінің арқасында Түркі әлемінің ақсақалы атанды. Мәселен, Түркия-Ресей қарым-қа­ты­настарын реттеуде үлкен рөл атқа­рып, 15 шілдедегі оқиғадан кейін Түркияға келген алғашқы мем­лекет басшысы болды. Онда Түр­кі кеңесін құру туралы ұсыныс жа­сады. Өткен жылы Түркі әлеміне қа­тысты жүргізілген сауалдамада Н.Назарбаевтың есімі түркітілдес мемлекеттер арасында өте танымал екені анықталғаны есімізде. 

Назарбаевтың мұндай шешім жасайтынын бірнеше жыл бұрын сезген едім. Өзім қатысқан бір жиында «Назарбаев денсаулығын өз еркімен елі үшін сарп еткен көшбасшы ре­тінде тарихқа енеді», деп айтқаным бар-тұғын. 

Назарбаев бүгінгі әрекетін 2017 жылдан бастап жоспарлаған болатын. 2017 жылы қабылданған конституциялық түзетулермен ол Парламентке және Үкіметке 30-дан астам өкілдік берді. Елдің басқару жүйесін өзгерткен бұл қадам қоғамда жеткілікті түрде талқыланған жоқ. Қазақстан президенттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге даңғыл жол салды. Сондықтан Пар­ламент пен Үкіметтің құзыреті ке­ңейді. Бұдан бөлек, Назарбаев соңғы үш жылда елдегі биліктегі орташа жас көлемін азайтты. 

Бұл – жастарға мүмкіндік беретін жаңа тәсіл.

Куршад Зорлу, профессор

ТҮРКИЯ