Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Бас қаланы одан әрі биіктете түседі - Әли Бектаев

785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

26 жыл бұрын, 1994 жылы сол кездегі Жоғары Кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назар­баев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеясын жария еткен кезде бұл идеяға сенбеген­дер көп болды. 

Бас қаланы одан әрі биіктете түседі - Әли Бектаев

Үміттен гөрі күдік басым болатын. Эко­но­микалық байланыстар үзі­ліп, кәсіпорындар жабылып, жұмыс­сыздық көбейген уақытта, айлап айлық, жылдап жалақы төленбей тұрған кезде астананы көшіру ешқандай санаға сыймайтын дүние болып көрінетін. Бірақ көп ұзамай мұның ұлы идея екеніне көзіміз жетті. Есілдің оң жағалауындағы ескі қала адам танымастай өзгерді. Сол жағалауда әлемдегі озық сәулеттік үлгідегі ғимараттар бой көрсете бастады. Астананың құрылысы ел экономикасына үлкен серпін берді. Өндірісті дамытудың, құры­лыс пен құрылыс индустрия­сын өркендетудің локомотивіне айналды. Елордаға қарап облыс орталықтары бой түзеді. Аудан орталықтары көркейе түсті. Айналдырған 20 жылдың көлемінде Қазақстан астанасы әлемнің жауһарына айналды. Сарыарқаның сары даласына Астана дайын күйде түсе салған сый сияқты көрінді. Соның артында қаншама еңбек пен ерлік тұрғанын, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер өткенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан болса керек, біз түк болмағандай бас қаланың жаңа атауына байланысты түрлі ой-пікір айтып жатамыз. Ол да дұрыс шығар. Демократиялық мем­лекет құрып жатқаннан кейін ой плюрализмінің болғаны да оңды. Бұл әлемде болып жатқан үрдіс. Бірақ біздің өз дәстүрі­міз, салтымыз бар. Біздің ең үл­кен құндылығымыз – бірлік пен ынтымақ. Біз азаматымызды ардақтап, ұрпағымызды құндақтай білген халықпыз. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының тәуелсіз мемлекет тұрғызудағы шексіз еңбегін, тарихи рөлін бағалаған кешегі саяси өз­геріс­тер мен қабылданған тари­хи шешімдер мемлекетіміздің, хал­қымыздың өркениеттілігін көрсетті. Осы арқылы Қазақстан халқы қай кезеңде болса да пендешіліктен, алауыздықтан, аран­датушылықтан шет тұра­тынын дәлелдеді. Бұл шынын­да қай мемлекет болсын, жету­ді мақсат тұтатын шынар биігі. Соған еліміз жетіп отыр. Қа­зақ­стандықтардың басым көп­шілігі астананың Нұр-Сұл­тан деп аталуына қолдау көр­сетуде. Нұр-Сұлтан атауы ас­тана­мыз­ды одан әрі биіктете түсе­тіні­не еш күмән жоқ. Әлемде Нұр­сұлтан мен Қазақстан егіз ұғым саналады. Н.Назарбаевты халық­аралық деңгейдегі реформатор, бейбітшілік бастамалары мен идеялардың авторы, ядролық қарусыз әлем идеясының бас­таушысы, тәуелсіз мемлекет құру­дың архитекторы ретінде мойындаған алпауыт елдердің басшылары да, ірі инвесторлар да Қазақстанға үлкен сеніммен қарайтынына ешқандай күмән жоқ. Осының барлығына «тәубе» дегіміз келеді.

Әли БЕКТАЕВ,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, 

Сенат депутаты