26 Наурыз, 2019

Қазақстан Ұлттық Банкі макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қою бойынша бастама жасайды

659 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Стратегиялық бастамаларды және құрылымдық реформаларды іске асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Үкіметімен 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қою бойынша бастама жасайды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев бүгін ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.

Қазақстан Ұлттық Банкі макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қою бойынша бастама жасайды

Ол келісімде Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкінің экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және бағалардың тұрақты деңгейін қолдау бойынша бірлескен қызметінің қағидаттары мен негізгі бағыттары белгіленетінін атап өтті. Келісімде 10 негізгі міндет айқындалған.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы Е. Досаев Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне жататын міндеттерге толығырақ тоқталды.

«Тиімді ақша-кредит саясатын және инфляцияны бақылау жөніндегі шараларды жүргізу жөніндегі міндетті іске асыру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі төмен инфляцияны қолдауға басымдық бере отырып инфляциялық таргеттеу режимін, сондай-ақ елдің экономикалық дамуының орнықтылығын және халықтың өмір сүру деңгейінің өсуін сақтайды», - деп түсіндірді Е. Досаев. Ол 2021 жылға дейін 4-6% дәлізін сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%-ға дейін төмендету және ұзақ мерзімді перспективада қолдау ұсынылатынын қоса айтты.

«Қазақстан Ұлттық Банкі нақты көрсетуде 3 - 3,5% шегінде оң болатын, базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстап тұруға ұмтылатын болады. Инфляцияның белгіленген нысаналы дәліздің шегінен шығу тәуекелдері күшейген кезде ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін», - деді Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сондай-ақ валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті туралы хабарлады. «Қазақстан Ұлттық Банкі теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр. Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық сауда-саттыққа араласпау саясатын сақтай отырып, икемді өктемділік жасау құқығын өзіне қалдырады», - деп хабарлады Е. Досаев.

Ол шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша жоспарланған операциялар туралы ақпараттың жүйелілігі мен айқындылығы валюта нарығына тұрақтылық беретінін атап өтті. Валюталық тәуекелдерді хеджирлеудің маңызды құралы ретінде туынды қаржы құралдары нарығын дамыту жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы экономиканы қорландыру қолжетімділігі міндетін іске асыру шеңберінде институционалдық инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға баса назар аударылатынын айтып берді. Баға белгілеудің тиімділігін арттыру үшін банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығында нарықтық индекстер мен индикаторларды қалыптастыру қамтамасыз етіледі.

«Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту міндетін іске асыру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі кірістіліктің қысқа мерзімді тәуекелсіз қисығын құруды қамтамасыз етеді. Қаржы министрлігінен кірістілік қисығының орта- және ұзақ мерзімді сегменттерін құру үшін өзінің бағалы қағаздарының шығарылымдарын қысқартуды және ірілеуді қамтамасыз етуді сұраймыз», - деп түсініктеме берді Е. Досаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізілетін болады, бұл шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға және өзара қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сөз сөйлеу барысында «Экономиканы дамытуды қаржылық қолдау бағдарламасы» міндетін іске асыруда негізгі рөлдің Үкіметке тиесілі екендігін хабарлады. Қазақстан Ұлттық Банкі, өз кезегінде, үш бағдарламаны іске асыруға күш жұмсайды.

«Атап айтқанда, Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20-25» бағдарламасы бойынша бағдарламаны бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруын жалғастырады. Қарыз алушыларға 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады», - деді Е. Досаев.

Банктердің 600 млрд теңге көлеміндегі ұзақ мерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы уақытта 9 банк кредиттеу бағдарламасына қатысады, 112,7 млрд теңге сомаға үш банктің облигациялары сатып алынды. 
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы отандық автокөлік сатып алушыларын кредиттеу бағдарламасын іске асыруға Ұлттық Банктің 5 жыл ішінде 100 млрд теңгеге дейін жұмсайтынын қоса айтты. Биыл 20 млрд теңге бөлінетін болады.

Сонымен бірге Е. Досаев нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіру міндеті туралы айтып берді. «Қамтамасыз етілген кредиторлардың басым құқығын іске асыру кәсіпорындарды және банктердің несие портфелін қалыпқа келтіруге ықпал ететін болады. Жоғары сот органдарымен банкроттық саласындағы құқық қолдану тәжірибесін пысықтау бойынша жұмыс жалғастырылады», - деді ол.

«Біз қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету шеңберінде банк жүйесін нығайту жұмысын жалғастырамыз. Ұлттық Банктің соңғы саты кредиторының функциясын толық іске асыруы маңызды болмақ. Тәуекелге бағдарланған қадағалауды іске асыру оның ішінде активтердің сапасына жоспарланып отырған бағалау жүргізуге байланысты болады», - деп түсініктеме берді Е. Досаев. Ол AQR (Asset Quality Review) жеткіліксіз капиталы бар банктерді анықтауға және бастапқы кезеңде алдын алу шараларын жүргізуге көмектеседі деп атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту үшін қолма-қол ақшасыз төлемдер инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және жетілдіру бойынша іс-шаралар жалғастырылатын болады, сондай-ақ ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуларды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару шаралары қабылданады деп атап өтті.

Е. Досаев қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі маңызды міндетке баса назар аударды.

«Тұтынушылық кредиттеу саласында халық үшін тәуекелдердің күшеюі аясында банктік емес кредиттік ұйымдарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, ломбардтарды реттеу бойынша ұсыныстар қарастырылатын болады. Шарттар талаптарының айқындылығы, сондай-ақ тұтынушылардың, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бойынша талаптар күшейтіледі», - деп қорытындылады ол.

Сөзін қорытындылай келе Е. Досаев жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметке заңнамалық өзгерістерді, оның ішінде Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуді көздейтін өзгерістерді енгізу бойынша тиісті ұсыныспен шығатынын айтты. Келісім Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылдарының аталған бағыттарымен шектелмейді. Іс-қимылдарды үйлестіру қабылданған және қабылдануы болжанатын шараларды тұрақты түрде мониторингтеу және талқылау жолымен жүзеге асырылатын болады.