Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Семейде «Астанамыз – Нұр-Сұлтан!» атты патриоттық акция өтті

751 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Акцияға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Аймұқашев, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, облыстық ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Айдар Садырбаев, Шәкәрім мемлекеттік университетінің профессоры Арап Еспенбетов және  ардагер-ақсақалдар қауымы, жастар, студенттер, түрлі ұлттар мен ұлыстар, зиялы қауым қатысты.

Семейде «Астанамыз  – Нұр-Сұлтан!» атты патриоттық акция өтті

- Құрметті халқым! Сарыарқа төрінен орын алған елордамыздың сәнді-салтанатты түрде  қалаға айналуына  Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор,- деді қала әкімі Ермак Сәлімов, - кешегі арман бүгін міне, ақиқат. Мәңгілік ел болуды аңсадық. Оған қол жеткіздік. Өзге елдермен терезесі тең елге айналуымыз да Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі. Президентіміз көреген саясатының арқасында ұлт көшбасшысы атанды. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі сақтау үшін басталған бастама, ұсыныс «Нұр-Сұлтан» атауын астанаға берілуін толық қолдаймыз.

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Мәңгілік еліміздің іргетасын қалаушы, халқы үшін бақытты ғұмыр, баянды жол сала берген тұлға,- деді Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетов, - барлығымыз үшін Астана, Қазақстан ұғымы егіз. Сондықтан да ел бірлігі артып, Елбасы салған дара да дана жолды жалғай бергеніміз жөн.

Семейдегі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовтың айтуынша, Тұңғыш Президенттің еңбегі зор, мәселен, оның «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында  көптеген маңызды мәселелер қозғалды. Жастар үшін  «Smart Sity»  және  «IT» сынды тағы басқа да оқу, білім беру салаларындағы жаңа технологияларды дендеп енгізу қажеттігін айтуы болашақтың қамын ойлауы.  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында  айтылған экономиканы өркендету талаптарына орай экономика, қаржы саласындағы білікті мамандарды даярлаудың да маңыздылығы жоғары тұратыны рас. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, экономикаға ерекше мән беріп, ішкі-сыртқы саясатты бір жолға қоя білген Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметі үшін Астана атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгергендігін мен толық қостаймын, деді Амантай Доғалақов.

- Жастарға сенім артқан ұлт көшбасшысының алдыға қойған талап-тілектерін, мақсат-мұраттарын іске асыруда бүгінгі ұрпақ бар болмысымен, ынта-ықыласымен ел үшін қызмет етуге әзір, - деді «Нұр Отан» партиясы жанындағы  «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық бөлімінің жетекшісі Алмас Айтмұқаш, - өткенімізді саралай қарасақ, тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тайғақ кешулерден сүрінбей өтті.

Шара соңында акцияға қатысушы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, ел бірлігі мен ынтымағы үшін еңбек ете беруге, Елбасы жолын жалғап, қоғамды көркейте түсуге шақырды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қаладағы өнер ұжымдары ерекше көңіл күймен акцияны жалғастырып әкетті.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                 

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ