
Іргетасы 2006 жылы қаланып, бүгінде қуаты жөнінен алдына қара салмаған, саланың көшбасшысына айналып отырған «Бест Қостанай» диірмен кешені былтыр жаңғыртудан кейін Елбасының қатысуымен 11 желтоқсанда өткен телекөпірде тұсауын кесті. Өңдеу кәсіпорнына салынған түрік инвестициясы да аз емес – 1,5 миллиард теңге. «Бест Қостанай» компаниясы жылына 155 мың тонна ұн тартады.
– Бұл диірмен кешенінің Еуропа мен Азияда теңдесі жоқ. Тіпті осы диірменнің жабдығы алынған Түркияның өзінде мұндай қуатты диірмен болған емес. Тәулігіне 700 тонна астық өңдейтін қуаты бар диірменнің барлық жұмыс үдерісі компьютерлендірілген. Мультижүйелік бақылаудан тұрады және компьютерлік басқару өндіріске адамның қатысуынсыз автоматтық режімде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Элеваторға астықтың түсуі мен ұн қалталарға салынып шыққанға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бірыңғай компьютерлік есепте тұр. Тәуліктің қай сағатында және әлемнің кез келген нүктесінде отырып, интернет арқылы диірмен жұмысын бақылауға болады, – дейді «Бест Қостанай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің коммерциялық директоры Олег Куртвапов.
Қостанайда заманауи диірмен тек «Бест Қостанай» компаниясында емес, әрине. Алайда жаңа диірмен кешенінің басқадан артықшылығы көп. Өзге диірмендер ұнның үш сұрпына дейін шығарады. Ал үздік технологияны өндіріске енгізген «Бест Қостанай» диірмен кешенінде ұнның бес сұрыпы өндіріледі. Ең бастысы, бидай ұнының құрамындағы ас атасының қасиетін кемітпейтін А дәрумені, тиамин, рибофламин, никотин қышқылы және тағы да сондай адам ағзасына пайдалы заттар жойылып кетпей, тұтынушыға жетеді. Бұл үшін автоматты лазерлік жүйе ұнның ылғалдылығын, ақуыз бен майдың жойылмауын 30 секунд сайын бақылайды.
– Егер жалпы оқырманға түсінікті тілмен айтар болсам, ұнның диірменде ағып жатқан тасқыны лазер сәулесінен өтеді, бұл «InNRsCAn» жүйесі деп аталады. Ол камералардан тұрады. Ал спектрометр сол сәулеленген ұнның өзгерісін өлшейді, ал компьютер оның спектрографиялық сараптамасын жасайды. Егер сараптама нәтижесі бағдарламада берілген ұнның параметрімен сәйкес келмесе, оған тұтас компьютерлік бақылау жүйесі сол секундта «жауап береді» де, өндіріс тоқтауға дейін барады. Міне, бақылау жүйесі өнім сапасын анықтауда өндірістік ақауды немесе адамнан кеткен қателікті осылай болдырмайды, – дейді Олег Ришатович.
«Бест Қостанай» компаниясы өндірген ұнның сапасын қазір Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Ауғанстан тұтынушылары біліп те қалған. Ұн өндірісінің халықаралық стандартқа сәйкестігі ISO – 22000 сертификатымен анықталады және «Халал» өнім. Өндіріс қайта іске қосылған желтоқсан айынан бері 28 мың тонна ұн өндіріліп, соның 95 пайызы экспортқа жіберілді.
«Бест Қостанай» ЖШС 2014, 2015, 2016 жылдары қатарынан «сала көшбасшысы» атағын алған еді. Диірмен кешені өндірген ұн түрлі деңгейдегі азық-түлік тауарлары көрмелері мен агрофорумдарда ылғи жүлдемен оралады. 2016 жылы наурызда Женевадағы халықаралық BID ұйымы өндірушілер арасында тауардың QC-100 сапа нормасына сәйкестігін бағалаған конкурс нәтижесі бойынша «Бест Қостанай» компаниясын «Алтын» медальмен марапаттады. Компания озық ғылыми-зерттеулерді өндіріске енгізіп, жоғары сапалы бидай ұнын алады. Диірмен кешені Қостанай өңірі диқандары өсірген бидайды өңдейді. Компания мамандарының айтуынша, Қостанай бидайындай сапалы астықты әлемнен табу қиын.
Диірмен кешенінің ғимараты да, жабдықтары да ең соңғы заманауи сипатқа ие дер едік. Кешен орналасқан өндірістік ғимараттың жеті қабатына да арнайы бетон мен металл төселген.
– Эпоксидті шайырдың негізіндегі екі құрамалы мастика арнайы медицина мекемелері мен тамақ өндірісінде қолданылады. Бұл ауаның шаңданып және жұмыс істеп тұрған жабдықтардан металдың ұшуына кедергі жасайды. Біз азық-түлік өндіретін болғандықтан, оның тазалығын, санитарлық-гигиеналық талаптарды барынша сақтаймыз, – дейді О.Куртвапов.
Өңдеу кәсіпорнында соңғы жаңғырту жұмыстарынан кейін жұмысшылар саны тағы да 50 адамға көбейді, қазір диірменде 170 жұмысшы еңбек етеді. «Бест Қостанай» компаниясы өңірдегі және Қостанай қаласындағы қайырымдылық акцияларына, жалпы әлеуметтік жобаларға белсене қатысады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ