27 Наурыз, 2019

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Онда агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге қатысты мәселелер көтерілді. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын әзірлеу мен енгізу мерзімінің сақталмай отырғандығына назар аударды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті

Өткен жылы Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын әзірлдеуді тапсырған болатын. Алайда, жалпы отырыста Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері атап өткендей,  аталған жоба таяу уақытта бекітілмек.  

Осыған орай Мәжіліс Төрағасы: 

- Неге кешіктіріліп жатыр? Үш жылдық бюджет бекітілді, ақша бөлінді. Ал, Сіздер әлі бағдарламаны келісе алмай отырсыздар. Бағдарлама болмаса – бөлінген ақша да игерілмейді. Бұл жағдай жауапсыздықтан туындап отыр?– деді Ұлттық экономика вице-министріне.

Сондай-ақ, Палата Спикері Ауыл шаруашылық министрін де осы бағдарламаны үйлестіруге шақырып, инфрақұрылымның дамуы – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапаның басты факторы, - деді.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заңнамалық құжат Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін іске асыруға бағытталған.

Жобада ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және дамыту жөніндегі нормаларды, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруды көздейді.

Заң жобасында астық қабылдау кәсіпорындарының қызметіндегі әкімшілік кедергілер жойылады. Енді астық қабылдау кәсіпорындары кірме теміржолдарды ұсынуға, жарма өнімдерін өткізуге, майлы тұқымдарды қайта өңдеуге және өткізуге байланысты ілеспе қызметтерді көрсете алатын болады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер енгізіліп отыр.

Құжатты қарау барысында депутаттар заң жобасының негізгі ережелерін нақтылауға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Атап айтқанда, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен су шаруашылығы саласында және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында, сондай-ақ, аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, бизнестің ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қоса қаржыландыруға қатысуын ынталандыру мақсатында бірқатар ұсыныстар енгізді.

Жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу  мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы                               заң жобасы мақұлданды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2000 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерген болатын.

Сол жылы 9 қазанда Ресей Президенті В.В. Путиннің Қазақстанға жасаған сапары кезінде Филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде.

Осыған сәйкес, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы Келісімге 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында қол қойылған болатын. Келісім Филиалдың жұмыс істеуін реттейді.

Филиалда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге, Келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған.

Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескеріледі. I және II курстарында Қазақстанды жаңғыртудың өзекті проблемалары туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклы оқытылады.

Қазақстан Филиалдың қызметіне мүлікті өтеусіз беру, және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлкі ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда мүлік Қазақстанға қайтарылады. Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент және 40 магистрантты құрайды. Бүгінде Филиалда 605 студент білім алуда.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар  М.Махамбетов, А.Қоңыров, Д.Еспаева.