28 Наурыз, 2019

Сенім грамоталарын қабылдады

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының елшісі Уильям Мозерден сенім грамотасын қабылдады. 

Сенім грамоталарын қабылдады

У.Мозер әр жылдары АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары қызметін атқар­ған, сонымен бірге Американың Украина, Қазақстан, Мысыр, Суринам және Малидегі елшіліктерінде жұмыс істеген, АҚШ-тың Молдовадағы елшісі лауазымында болған. 

ТМД кеңістігіндегі қызметтері әсер еткен болар, Уильям Мозер орыс тілін меңгерген екен. 

Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсыру салтанатынан кейін журналистер алдына шыққан елші осыдан 20 шақты жыл бұрын Алматыдағы елшілікте жұмыс істегендігін және Қазақстанға асқан ықыласпен оралғандығын, сонымен бірге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсыру өзіне зор мәртебе екендігін атап өтті. 

– Менің Қазақстанға алғаш келген және соңғы болған уақытымның аралығында Қазақстан зор табыстарға қол жеткізгендігін атап өткім келеді, – деген У.Мозер елорданың бірегейлігі мен заманауи архитектуралық құрылымына тәнті болғандығын жасырмады.  

– Қазақстанның өткен өркендеу жылдары мені қатты таңғалдырды. Осы уақытта халықтың жағдайы жақсарып, әл-ауқаты арта түскен. Біз Қазақстанмен арадағы кең стратегиялық әріптестікті жоғары баға­лай­мыз, – деді АҚШ елшісі. 

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтудағы жетістіктеріне ерекше тоқталды. 

– Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясын, ядролық қаруды таратпау бойынша Қазақстанды жаһандық көшбасшы қылудағы еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл міндеттемелер біздің әріптестігіміздің негізі болып қала береді. Біз, сонымен қатар Қазақстанның америкалық компаниялар тарапынан келетін коммерциялық инвестицияларға ашықтығын атап өткіміз келеді, – деді АҚШ елшісі.

Дипломат өз сөзінде Қазақстанның тек Орталық Азия ғана емес, сонымен бірге халықаралық аренада көшбасшы мемлекетке айналғандығын атап өтті. Оның ішінде еліміздің көптеген халықаралық про­цестердегі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі белсенділігі, барлық жаһандық ки­кіл­жіңдердің бейбіт шешілуінің жақтаушысы ретіндегі рөлін жоғары баға­лай­тынын айтты. 

АҚШ елшісі сөзінің соңында: «Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа бірнеше ондаған жыл даналық­пен елге басшылық жасағаны үшін құрметім мен ризашылығымды білдіргім келеді. Ол ең қиын кезеңдердің өзінде Қазақстанды тәуелсіздікке, егемендікке, гүлденуге бас­тады. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірлескен жұмысымыз жемісті боларына сенім артамын», деп ағынан жарылды. 

* * *

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Респуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, екі ел халықтарының игілігі жолындағы байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті лауазымы­на кірісуіне байланысты Қытай Халық Рес­публикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құт­тықтауын жеткізіп, достық пен страте­гиялық серіктестік рухындағы екіжақты ын­тымақтастықты дамыта түсуге күш салатынын айтты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»