28 Наурыз, 2019

Ауылға қаражат бөлінсе де, бағдарлама әлі жоқ

530 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар күн тәртібіндегі екі мәселені қарады. Оның біріншісі агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселесіне қатысты болса, екіншісі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін құжат. 

Ауылға қаражат бөлінсе де, бағдарлама әлі жоқ

Егіс алқабын сақтандыру көлемі аз

Жалпы отырыста қаралған алғашқы мәселе тікелей ауыл, ауылдықтардың тіршілігіне, әл-ауқатына қатысты бол­ған­дықтан, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығма­тулин ә дегеннен «Ауыл – ел бесігі» ар­найы жобасын әзірлеу мен ен­гізу мерзімінің сақталмай отыр­ған­дығына назар аударды.  

Елбасы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Алайда, жалпы отырыста Ұлттық эко­номика министрлігінің өкілдері атап өт­кендей, аталған жоба таяу уақытта бе­кітілмек. Осыған орай Мәжіліс Төр­ағасы: – Неге кешіктіріліп жатыр? Үш жылдық бюджет бекітілді, ақша бө­лінді. Ал сіздер әлі бағдарламаны келісе ал­май отырсыздар. Бағдарлама болмаса – бөлінген ақша да игерілмейді. Бұл жағдай жауапсыздықтан туындап отыр, – деді Ұлттық экономика вице-ми­нистріне. 

Сондай-ақ Палата Төрағасы Ауыл ша­руашылығы министрін де осы бағдар­ламаны үйлестіруге шақырып, инфра­құрылымның дамуы – ауыл тұрғын­дарының өмір сүру сапасының басты факторы екендігін атап өтті.  

Жалпы, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Са­пар­хан Ома­ровтың айтуынша, қаржы­лан­дырудың қолжетімділігін арттыру үшін заң жоба­сы аясында қолданыстағы қаржы құрал­дарын жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген.

– Айталық, ауыл шаруашылығын­да­ғы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгеретін болады: міндетті сақтандырудан ерік­ті сақтандыруға, сақтандыру төлем­дерін субсидиялаудан сақтандыру сыйа­қы­ларын субсидиялауға көшу жүзеге асырылады.

Сақтандырудың қолданыстағы меха­низмі салада тәуекелдерді басқарудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді деп айтуға болады. Егіс алаңдарының жартысы да сақтандырумен қамтылмайды, 2018 жылы бар-жоғы 43 пайызы ғана сақтандырылды. Сақтандырудың 70 пайызын өзара сақтандыру қоғамдары жабады, – деді С.Омаров.

Министрдің айтуына қарағанда, сақтандыру ұйымдарын тиісті бақы­лаудың жоқтығы тарифтерді белгілеу, сақ­тан­дыру сыйақыларын жинау, сақ­тан­дыру төлемдерін төлеу бөлігінде заңна­маны бұзуға әкеледі. Сондықтан да мін­детті сақтандырудың келеңсіз тәжі­ри­бесі ескеріле келе, ерікті сақтан­ды­руға көшу туралы шешім қабылданған. 

Баяндамашы несиелік серіктестіктер жүйесін қайта қарау көзделіп отыр­ған­дығын да атап өтті. 

– Бүгінгі күні барлық несиелік серіктестіктер бір ғана қаржы көзіне, бюд­жетке тәуелді болып отыр, қаржы­лан­дырудың өзге көздерін тарту мүм­кін­дігі жоқ, шындығында несиелік серік­тестіктер қазір тығырыққа тірелді. Егер шара қолданбаса, серіктестіктер тоқы­рауға ұшырайды, – деді Ауыл шаруа­шылығы министрі. 

Заң жобасы фитосанитариялық және ветеринарлық қауіпсіздік, ветеринария, әкімшілік кедергілерді жою, аграрлық ғылымды дамыту, оның ішінде ғылым мен білімді бизнестің қажеттілігіне сәй­кес­тендіре отырып, осы саланы рефор­малауды және технологиялар транс­фер­тін қолға алу мәселелерін қарастырады.  

– Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бо­йынша білім беру гранттарының көлемін қалыптастыру жөніндегі функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру көзделеді, сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының бітірушілері үшін ауылды жерлерде міндетті түрде жұмыспен өтеу (кемінде 3 жыл) талабы енгізіледі, – деді С.Омаров. 

Заң жобасы депутаттардың қол­дауына ие болды. 

Беделді университеттің қадамы

Ал «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкі­меті арасындағы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы бо­йынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмши­динова Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жы­лы М.Ломоносов атын­дағы Мәс­кеу мемлекеттік универ­ситетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтергендігін атап өтті. 

Сол жылы 9 қазанда Ресей Прези­денті В.Путиннің Қазақстанға жасаған сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылған. Бұл құрылым осы уақытқа дейін Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің базасында қызмет етуде.

– Қазақстандық филиалдың қызметін одан әрі заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябі қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІV өңіраралық ын­ты­мақтастық форумы аясында Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі ара­сында М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің қазақ­стан­дық филиалының жұмыс істеуі тура­лы келісімге қол қойылды. Осы келі­сім филиалдың жұмыс істеуін рет­тейді, – деді Білім және ғылым министрі. 

Оның айтуына қарағанда, филиал­да оқыту Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің оқу бағдарламалары негі­зінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қа­зақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қа­зақстан экономикасының ерекшеліктері еске­ріледі. 1 және 2 курстарда Қазақстанды жаң­ғыр­тудың өзекті проблемалары туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклы оқытылады.

Филиалдың жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент және 40 магистрантты құрайды және қазір 605 студент білім алуда.

Жалпы, өткен 14 жыл ішінде аталған филиалда 1725 маман даярланған. Мо­ниторинг нәтижелері бойынша соңғы 5 жылда 93 пайызы Қазақстанда жұмысқа орналасқан немесе оқуын жалғастыруда. 

Мұндай табысты көрсеткіштер де­пу­таттардың да көңілінен шығып, заң жобасы мақұлданды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»