28 Наурыз, 2019

Алматы қаласы театрларының қатысуымен мерекелік кеш өтті

806 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

27 наурыз – Халықаралық  театр  күні Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйытқы болуымен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында тұңғыш рет Алматы қаласы театрларының қатысуымен мерекелік кеш өткізілді. 

Алматы қаласы театрларының қатысуымен мерекелік кеш өтті

Бұл күн – рухани ізгі қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды ұлықтап театр төңірегінде еңбек етіп жүрген шығармашылық шабытты жандар үшін ерекше күн. Себебі қазақ театры да әлем театрларының бөлінбес бөлшегі.  Қазақстандағы 40-қа жуық театрдың басын біріктіріп 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясы бүгінгі сахна өнеріндегі өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысып, театрлар арасында байланыс орнатып отырған бірегей бірлестік. Шетел театр ұйымдарымен  корпоративтік байланыстарды нығайта түсу, театр қызметінің көркемдік-эстетикалық, зияткерлік әлеуеті мен мүмкіндіктерін арттыру,  жастардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндіктер жасау, театрлар ұжымындағы  шығармашылық  ізденіс  мониторингін қалыптастыру, жаңа есімдерді  анықтау, жастардың  аға толқын өкілдерінен тәжірибе алуын, кәсіби бағдарларын айқындауын бір ізге түсіру, театр қайраткерлерін еске алу кештері мен мерейтойларын бірлесе өткізу, халықаралық фестивальдер, әлемдік деңгейдегі шеберлік сабақтары мен конференциялар ұйымдастыру,  әлемдік театр өнеріндегі бағыт-бағдармен танысып, кәсіби  сауаттылыққа  қол жеткізу – осының бәрі бүгінгі Қазақстан Театрлары ассоциациясының атқарып отырған қызметінің негізгі қыры.

Ассоциацияның ұйымдастыруымен өткен мерекелік кешке Алматы қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театры, Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Орыс мемлекеттік академиялық драма театры, Н.Сац атындағы Орыс мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театры, Мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық драма театры, Мемлекеттік Корей музыкалық комедия театры, Алматы мемлекеттік Қуыршақ театры, «Астана» мюзикл мемлекеттік театры, Асанәлі Әшімов атындағы «Алматы әуендеріне» қарасты «Жаңа ғасыр» театрының әртістері қатысып, сахнада әр театр өз таланттарының өнерімен таныстырды. Театрлар алғаш рет мазмұны терең спектакльдерінен үзінділер көрсетіп, репертуар жаңалықтарымен бөлісті. Биылғы Жастар жылына орай аталған театр сахналарында өнер көрсетіп жүрген 40-тан астам жас буын әртіс Ассоциацияның Алғыс хатымен марапатталды. «Актер – шабыттың адамы. Ол өнерін тамашалауға келген көрерменіне әрдайым қуаныш сыйлауға дайын тұрады. Талғамды қалыптастыратын, жаңалықпен таныстыратын, көпшілікті алға қарай сүйрейтін осы мамандықтың өкілдері. Өз өмірімен қоса, сахналық өмірін де бірге алып жүретін, сол себепті аты мен абыройы ұзақ жасайтын адам, ол –  актер. Ол қай кезеңде де керекті мамандықтың, ұлы мамандықтың сапында болған санатынан ешқашан төмендемек емес», деді Қазақстан театрлары ассоциациясының төрағасы, КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов өз құттықтауында. Ол, сондай-ақ, Елбасымен кездескісі келетінін, кездесу барысында ілгеріректе сахнаға еңбегі сіңген өнер адамдары үшін берілген «Халық әртісі» атағын қайтару туралы ұсыныс жасайтынын айтты. Төрағаның  бұл ұсынысына театрға жиылған әріптестері қызу қолдау білдірді.

Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып беріп, ЮНЕСКО жанындағы халықаралық мәдени байланыстар ұйымы хатшысының Қазақстанның театр әлеміне құттықтау жолдағанын жеткізді. Ұлттық сахна өнерінің мақтаныштары Есмұхан Обаев, Меруерт Өтекешова және Тілектес Мейрамов Опера және балет театрының сахнасында Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан А.Әшімовтің үш томдық таңдамалы жинағының тұсауын кесті. Мерекелік кеш сахна шеберлерінің концертімен жалғасын тапты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ