28 Наурыз, 2019

Қостанайда халықаралық театр күні аталып өтті

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық театр күні І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында облыстағы төрт театр бас қосты. Арқалық жастар және Қостанай облыстық қуыршақ театрларының, облыстық орыс және қазақ драма театрларының әртістері құрметтеліп, қызыл кілемшенің үстімен жүріп өтті.

Қостанайда халықаралық театр күні аталып өтті

Көрермендер көңілінен шығуға әр театр ұжымы талпынады, қызықты жұмыстар тоқтамайды. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының адағы жоспары ауқымды. Биыл мамыр айында театр Қазақстанның Өзбекстандағы күндеріне орай өзбек көрермендері алдында өнер көрсетуге шақырылды. Бұл театр ұжымы үшін зор мәртебе. Сонымен қатар шілдеде театр Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына гастрольге барады. Сондағы қандастарымызға өз репертуарынан бірнеше спектакль ұсынатын болады.

Төл мерекесіне орай өткен салтанатты жиында Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Қалмақов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан әртістерді халықаралық театр күні мерекесімен құттықтады.

«Қостанай өңірі қазақ драма театрының негізін салған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров секілді ірі тұлғаларды берді.  Ел тәуелсіздігінің арқасында көп жылғы үзілістен кейін Қостанайда да қазақ драма театры ашылды. Облыстағы орыс драма және қуыршақ театрлары көптеген жетістіктерге жетіп, көрермендерін қуантып келеді. Арқалықта іргетасын өнер жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков қалаған қазақ драма театры да көрерменімен бірге жасауда. Осы өнер отауларының барлығында күнделікті қайнаған жұмысты көреміз. Олар халқымыздың рухани сұранысын қамтамасыз етеді, ұлттық дәстүрлеріміздің қара шаңырағына айналған» деді Ерлан Болатұлы.

Мұнан кейін ол театрлар әртістеріне облыс әкімінің мақтау грамоталарын тапсырды. Мереке күні әртістер өзінің қуанышын бөлісуге келген көрермендерге әннен шашу шашты, спектакльдерден үзінділер ұсынды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай