28 Наурыз, 2019

Елорда жаһандық индексте қалай жоғарылады?

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда қаржы орталықтарының жаһандық индексінде елордамыз Нұр-Сұлтанның 51-орынға жоғарылағаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл нені білдіреді? Әлемнің әр түкпіріндегі аузымен құс тістеген алпауыт шаһарлар неге бұл рейтингте алдыңғы қатардан көрінуге талпынады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік. 

Елорда жаһандық индексте қалай жоғарылады?

Алдымен осы рейтингте озық шыққан басқа қалаларға да тоқ­талып өтейік. Сонымен, наурыз айының басында әлем назарын ау­дарған Қаржы орталықтарының жа­һандық рейтингінде (GFCI) Нью-Йорк көш бастады. Нью-Йорк – АҚШ-тың және дү­ние жүзінің ең маңызды эконо­ми­калық орталықтарының бірі. Бұл шаһарда штаб-пәтерлері ор­на­ласқан үздік инвестор банктердің және басқарушы компаниялардың арасында Citigroup, J.P. Morgan Chase & Co., American International Group, Goldman Sachs Group, Morgan Stanley, Merrill Lynch және басқалары бар. 

Екінші орын Лондонға бұйырса, үздік үштікті Гонконг түйіндеп отыр. Азия жолбарысы Сингапур төртінші орында тұрақтады. Шанхай бұрна­ғы жылдардағыдай бұл жолы да қарсыласы Токионы шаң қаптырып, индексте бесінші орынға жайғасты. Цюрих, Бейжің, Франкфурт шаһарлары алғашқы ондыққа енді.

Елордамыз 80-нен астам ірі қаланың ішінде 51-орыннан көрінді. Бас қаланың бұлай өр­леуіне әлемнің қаржылық карта­сында «Астана» халықаралық қар­жы орталығының пайда болуы ерекше ықпал етті деуге бола­ды. «Астана» ХҚО жұмысын бас­тағаннан бергі аралықта 37 по­зицияға көтерілгені осыны айғақтайды. Тағы бір айта кетер­лігі, Астана Шығыс Еуропа мен Ор­талық Азия аймағы бойынша рей­тингте көш бастап тұр.

Z/Yen респонденттері алдағы екі-үш жылда маңыздылығы арта тү­суге тиіс 15 қаржы орталығын да атаған болатын. Бұл тізімге та­ғы да Нұр-Сұлтан еніпті. 

Жалпы, индекстің негізін Лон­донның үздік сараптамалық орта­лығы саналатын Z/Yen Group Limited қалағанын айта кете­йік. 2016 жылдан бастап индекс­ті анықтауға шығыстағы көрші­міздің China Development Institute сараптамалық орталығы да атсалыса бастады. GFCI жылына екі рет наурызда және қыркүйекте жарияланып отырады. Әлемдік қаржы орталық­тары арасында үздіктерді анықтау барысында «іскерлік орта», «қаржы секторын дамыту», «инфрақұрылым факторлары», «адами капитал», «халық­аралық бедел» сынды 130-дан астам көрсеткіш есепке алынып, қаржы нарықтарында ауқымды сауалдама жүргізіледі. Он жылдан бері жарияланып келген бұл рейтинг орталықтарға әділетті баға берудің нәтижесінде әлемдік қаржы аренасында ерекше беделге ие.

– Z/Yen орталығының тәуел­сіз сарапшылары «Астана» ХҚО бір жыл бұрын ғана іске қо­сыл­ғанын ескере отырып, оның ерекше қарқынмен дамып келе жатқанына таңданысын білдірді. Бір жыл ішінде АХҚО алаңына АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Германия, Франция және өзге де елдерден жүз ком­пания тіркеліп үлгерді, – дейді қаржы орталығының бас эко­номисі Бауыржан Бектеміров.

Елор­даның рейтингте жоға­ры­лай түсуіне ықпал еткен фак­тор­ларға тоқталар болсақ, АХҚО ислам қаржысы, «Жасыл қар­жы» сынды түрлі бағыттарды дамы­туға басымдық беруі басты арт­ық­шылықтарының бірі деу­ге болады. Осы арқылы орта­лық халықаралық деңгейдегі үздік қаржы алаңына айналуды көз­дейді. Бұл мақсат жолын­да бірқатар жетістіктерге қол жеткі­зіп үлгерді. Мәселен, Ислам қар­жысы саласына қолдау білдіруіне орай халықаралық беделі зор Global Islamic Finance Awards-тың Ислам қаржысы саясатын құр­ғаны және адами капиталдың дамуына үлес қосқаны үшін бері­летін марапаттарына ие болды. 

Қаржы технологияларына да ерекше ден қойған АХҚО eJustice атты сот төрелігінің электронды жүйесін және электронды резиденттікті іске қосқан. Бұл инвесторларға цифрлы тех­нологиялардың көмегімен уақыт пен қаржы үнемдеуге және қағазбастылықтан арылу­ға көмектеседі. Жасыл қаржы орталығы да АХҚО-ның маңыз­ды бастамаларының бірі. Осы бағытта орталық кемінде 500 мың доллар көлемінде жасыл облигациялар шығаруды көздейтін жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

«Астана» ХҚО-ның өз­ге де ар­­­­­тық­­­­­шы­­лықтарына наза­р аудар­­­­­ған «The Z/Yen Group» ком­­­п­а­ния­­­­с­ы­­ның директоры Марк Йен­дл қазақ­­стан­дық БАҚ өкіл­дері­не бер­­­ген сұх­бат­тарының бірін­де АХҚО-ның әр қадамына оң баға бе­ріп, ке­ле­шекте әлемдік дең­гей­дегі қар­жы орталығына айнала­ты­­ны­на сенім білдіргенін айта кету керек.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»