28 Наурыз, 2019

Оралдық театр артистері кәсіби мерекеге орай марапатталды

1011 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық театр күніне орай Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында мерекелік шара өтіп, театрдың бір топ қызметкері түрлі марапатқа ие болды.

Оралдық театр артистері кәсіби мерекеге орай марапатталды

Суретті түсірген Рүстем БАҚЫТЖАНОВ

27 наурыз – Халықаралық театр күні дүниежүзінде 1961 жылдан бері аталып келеді. Бұл күнді тарихы мыңжылдықтармен есептелетін көне өнердің өз өкіліне айналғанына ширек ғасырдан енді асқан оралдық театр да салтанатты шарамен, мерекелік көңіл күймен қарсы алды. Сахна төріне киелі өнердің ыстығы мен суығына төзіп, көрермен қауымға рухани ләззат сыйлап жүрген қарапайым қызметкерлер шақырылып, сый-құрмет көрсетілді.

- Біздің театр бүгінгі мерекеге толағай табыспен келіп отыр десек, қателеспейміз. Өздеріңіз куәсіздер, Хадиша Бөкеева театры жыл сайын көрерменге 8-9 премьера ұсынып жүр. Бұл үлкен еңбек! Биылдың өзінде 5 премьера қойылды. Бұл дәстүрге айналып келеді. Былтыр өнер ұжымы өзінің 25 жылдық мерейтойын биік деңгейде атап өтті. Атақ-даңқы Қазақстанға тараған аға буынмен бірге, өнерге құлаш ұрған жастар толқыны да өсіп келеді. Өңір жастары арасында актерлік салаға ден қойған жастарымыз көптігі қуантады. Соңғы кезде жастар театрын ашу жөнінде ұсыныс көп еді. Өңір басшысы Алтай Көлгінов осы ұсынысты қолдап, Батыс Қазақстан облыстық Жастар шығармашылық орталығына қосымша 30 штаттық бірлік беру жөнінде шешім шығарды. Бұл жұмыс орны театр саласын таңдаған жас мамандарға арналған. Аға буын өкілдерінің салып кеткен сара жолын жастар жалғастыруы тиіс. Біз жас таланттарды іздейміз, олардың жұлдызын жаққымыз келеді, алда үлкен жұмыстар күтіп тұр, - деді өз сөзінде Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Салтанатты шарада Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бір топ қызметкері Бақтыгүл Хабиқызы, Жасқайрат Сәбитұлы, Әсем Жалғасқызы, Әділжан Елтайұлы, Аякөз Сағитжанқызы, Самал Сайлауқызы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Ғалымжан Бөпениязұлы, Ақжол Егінбайұлы, Құралбек Ілиясұлы, Сергей Раинский, Қанат Айтқалиұлы, Әсел Жанболатқызы, Данагүл Русланқызына Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының Алғыс хаты тапсырылды. Айта кетейік, жоғарыда аталғандардың бәрі сахна артисі емес, олардың арасында әдетте көрермен көзіне түсе бермейтін қарапайым қызметкерлер – жарық беруші, жүргізуші, шаруашылық мамандары да бар.

Осы кеште облыстық театр басшылығы жыл сайын төл мерекесі тұсында тапсыратын дәстүрлі жүлде жеңімпаздарын да жария етті. Бұл марапатты белгілі айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова мен танымал журналист Лаура Бекболатова тапсырды. Сөйтіп, «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымына – Райымбек Дауренұлы, «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымына – Назгүл Тұрғынғалиқызы, «Жаңа рөлді жедел меңгергені үшін» аталымына – Дарын Сағынұлы, «Үздік дыбыс реттеуші» аталымына – Мейірлан Ермекқалиұлы, «Үздік суретші» аталымына – Қасым Халенұлы, «Үздік тазалықшы» аталымына – Шолпан Қоңқабайқызы, «Үздік күзетші» аталымына – Ақәділ Сәбитұлы, «Үздік тігінші» аталымына – Венера Өтегенқызы, «Құтты қадам» арнайы аталымына - Армат Ерболатұлы, Данияр Қанатұлы және Наурыз Абайұлы ие болды.

Бүгінде «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» технология мүмкіндігін осы жерден көрдік. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымын төл мерекемен құттықтаған әріптестерінің бейнеқұттықтаулары сахна төріндегі led экраннан төгілді. Олардың арасында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық-драма театры, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек және орыс театрлары ұжымы оралдық сахна саңлақтарын төл мерекемен құттықтап, шынайы лебіз білдірді.  

Әрине, театр тойы – мәдениет саласында жүрген барша өнерпаздардың ортақ мерекесі. Салтанатты шараға Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова әннен шашу шашса, белгілі актриса, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова әсерлі монолог оқып, «Жан досым» әнін шырқап берді. Театрдың тағы бір танымал артисі, хореграф Ақмарал Амандықова дайындаған «Алтын болашақ» өнер студиясының балғын бишілері испан биін орындап, сахнаның сәнін кіргізді. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының жас буыны дайындаған музыкалық-драматургиялық композиция да көпшілік көңілінен шықты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан