28 Наурыз, 2019

Қайраткер туралы қойылым

687 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың бағы да, дауы да жерге қатысты болған. Кең байтақ жерімізсіз халқымыздың бүгінгі халі нешік болар еді? Тұрақтайтын мекені, көңілге медет етер Отаны жоқ халықтар бар. Құс ұйқылы аталарымыз ат­­тың жалында, атанның қомында жү­ріп, сырт­қы көзден де, жаудан да қыз­ғыш­тай қорғаған байлығымыз өт­кен ғасырдың 60-шы жылдары Ре­сейге кетіп қала жаздап, әупіріммен аман қалды. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген халқымыз.

Қайраткер туралы қойылым

Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің «Тың өлкесін құру» деген желеумен Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс­­ты Ресейдің құрамына қосуды көздеген жымысқы жобасына сол кездегі Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы Жұ­мабек Тәшеновтің тайсалмай қарсы шық­қанын, қайсар қазақтың орынды дәлелдермен Хрущевті райынан қайтарғанын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жалпы жұрт білді. Хал­қының, елінің, мемлекеттің мүддесі үшін өзінің мансабын осы күресіне құрбан етті. Ол республика Министрлер Кеңесінің төрағалығына 1960 жылдың 20 қаңтарында келіп, бір жыл толмай, нақ сол Хрущев жақ­тан «ескен желдің» екпінімен 1961 жыл­дың 6 қаңтарында кетуге мәжбүр бол­ды.

І.Омаров атындағы Қостанай об­лыс­тық қазақ драма театрында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» пьесасы бойынша қойылған спектакль осы саяси оқиғаны өзек етіп алыпты. Спектакльдің режиссері Қаныбек Дүй­шен­әлиев Қырғызстаннан шақы­рылған. Әрине, қойылым көтеріп отырған тарихи тақырып көрермендер үшін тың әрі өте өзекті. Сахнада бимен берілген қимыл-әрекет Кеңес Ода­ғы кезіндегі «солқылдатып со­ғайық, бесжылдықтың балғасын» деп­ ұрандатқан өмірді көз алдымызға әкел­ді. Жалпы, өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі осы күнге дейін екі жақты пікірдің тай-таласына айналып келеді. Бір жа­ғынан тыңды игергеннен кейін нанның молшылығы болды, қарын тойды, ауыл шаруашылығының дамуына жасаған ықпалын да ешкім жоққа шығармайды. Бірақ қазақ даласы Мәскеудің ұр да жық саясатымен жерді басқа-көзге қаратпай, не­гізсіз айқыш-ұйқыш жыртудың эко­логиялық зардабын шегіп отыр.Тың көтерудің қазаққа әкелер нағыз қа­сіреті бұл да емес еді... Хрущев сол науқанмен бірге дуылдатып, есірген күйі «тағы бір істі» бітіріп тастағысы келді. «Сүттің қаймағын сыпырғаннан кейінгі Қазақстанда кім бас көтере қояр дейсің?» деген де шығар-ау... Бірақ алдынан Жұмабек Тәшенов секілді қайрақтай жаныған сайын жанып түсетін кедергінің кездесерін Хрущев сезбеді. Қазақ халқының ба­­сына кезекті, ең ауыр нәубеттің ке­ле жатқанын ойлаудың өзі ауыр еді көрерменге. Қазақтың айбынды ұлы­ның Хрущевке егер Қазақстанның солтүстік аймағын «тың өлкесі» де­ген желеумен Ресейге беретін болса, онда 15 республиканың жер тұ­тас­тығын сақтау туралы жазылған КСРО Конституциясын өзгерту, тіпті халықаралық органдарға, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзіне жүгіну ту­ралы мәселе қоюы шиеленіскен оқи­ғаның шырқау тұсы болды. Осы жерден шала сауатты Хрущевтің ме­се­лі қайтты. Көрерменнің де көңілі орнына түскендей. Спектакльде тым қиял жетегінде кетпей, көркемдік шын­дық пен тарихи шындық арасы­ның алшақтамағанын айтқан орынды. 

– Мен үшін өз бетінен қайтпайтын, бір­беткей, қайсар мінездің адамы және білімді, іскер, терең парасатты Жұ­мабек Тәшеновтің Хрущев пен оның айналасындағылардың мысын бас­қан бейнесін алып шығу оңай болмады, – дейді өз кейіпкері жөнінде актер Нұрлыбек Кенжеахметов. Актер­дің бас кейіпкер тұлғасын даралауда ерекше ізденгені де байқалады. Спек­такльде Хрущевтің рөлін белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Қонысбек Бегайдаров ойнайды. Шебердің аты – шебер. Сырт­қы келбеті Хрущев сияқты екі иығы қушиған, шикі сары болмаса да, ол сахнаға шыға келгенде тұтас дер­жаваның тізгіні қолына тиген Хрущевті көрермен бірден таныды. 

– Қойылымдағы кейіпкерлердің барлығы да негізінен халыққа кеңі­­нен танымал Д.Қонаев, К.Вороши­лов, Б.Момышұлы немесе Ы.Юсу­пов тағы басқа да тарихи тұлғалар болған­дықтан, олардың көркем бей­несін жа­сау актерлердің ешқай­сысына да­ жеңіл тимеді, – дейді режиссер Қаныбек Дүйшенәлиев.

Тарихи тұлға демекші, танымал тұлғалар спектакльде көрінгенмен, олар­дың сахнадағы оқиғаға қатысуы тым аз көрінді. Сахнаға шыққан үл­кен­ді-кішілі әр кейіпкер қорабынан алы­нып, тұтатылатын шырпы секілді, олар­дың әрқайсысының сөзі мен қи­мылынан көрерменнің ой іздеп отыратыны бар ғой. Мысалы, Ворошилов немесе Жұмабектің анасы мен әйелі секіл­ді кейбір кейіпкерлер «тұтанбай» қалды. 

Әрине, спектакльдің көрерменге танымдық берері көп, тақырыбы өзек­ті шығарма екенінде дау жоқ. Бірақ көркемдік жағынан ақсаған тұ­сын көрермендер де байқаған сы­ңайлы.

– Мен шығарманың «Ақ бас бүр­кіт» аталғанына түсінбедім. Қа­зақ халқында бүркіт туралы «Ақ бас бүр­кіт» деген түсінік бар ма? Қазақтың ұғы­мында бұл құсты тегеурініне, алысты шалатын қырағылығына, бай­қампаздығына қарап түр-түрге бөледі ғой. Биік рухтың нысаны деп біледі. Қазақ бүркітті басына қарап сипаттаған емес, – дейді қостанайлық көрермен Дархан Абайділдә. – Хру­щевтің аузына салғандай, қыран қо­раздардың көзін шұқи ма екен? 

Сонымен қатар режиссер мен су­рет­шіні сонау Қырғызстаннан ал­дыр­­ғанмен сахнаның безендірілуі көңіл­ден шықты деп айта алмаймыз. Қырғыздың халық суретшісі Марат Шарафидинов салған, спектакльдің басынан аяғына дейін тапжылмай тұратын кітапхана сөрелері де қойы­лымның мазмұнын ашты деуге болмайды. 

Кемшіліктері болғанмен, қойы­лым жеріміздің бүтіндігі жолында басын бәйгеге тіккен ержүрек қазақ­тың есі­мін бүгінгі ұрпаққа таныта түсу­ге қо­сы­латын үлес. Театрдан шық­қан әр көрер­меннің көңіл төрінде Тәше­нов­тің ай­бынды да аяулы бейнесі бара жатты. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ