28 Наурыз, 2019

Сырлы сахна думаны

722 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының сахна майталмандары Халықаралық театр күнін тойлады. «Nomad Сity Hall» концерт залында өткен салтанатты кеште елордалық барша театр ұжымы бас қосып, кәсіби мейрамын нағыз өнер думаны деңгейінде мерекеледі. 

 

Сырлы сахна думаны

Мерекелік жиын шымылдығын  Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов түріп, өнер майталмандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. 

– Өнер салаларының ішінде театр­дың орны бөлек. Көрермен көңілін нұрға, жүрегін жырға бөлей­тін, қо­ғамның рухына дем болатын, ішкі жан дүниесіне ем болатын – театр сахнасы. Елордамыз бүгінде мәдениет саласы өмірінің ең негізгі тірегі, өнегелі өнер ордасына айналып келеді. Қала­мыздың мәдени өміріндегі жеткен жетістіктері алдымен өнердегі өздеріңіздей өнегелі жандардың еселі еңбегі мен жалынды жігерінің жемісі екені даусыз. Салмағы мен сыбағасы ауыр өнер жолы мызғымас мақсат пен табанды талап қоя білетін таңдаулыларға ғана тиесілі бақыт. Театрдың тұғырын қатайтып, беделін бекем етудегі еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Олай болса, алдағы уа­қыттарда да көрерменнің көңіл шуағын тың туын­дылармен толтырып, өнер­леріңіз бен күш-жігерлеріңізді елорда­мыз­дың руханиятын байыту жолына ар­найтындарыңызға кәміл сенемін» – деді Болат Бауыржанұлы өзінің құттықтау сөзінде. 

Айтулы шара астаналық актерлер мен режиссерлердің қызыл кілемнен өту салтанатымен басталып, соңы Халықаралық театр күніне арналған мерекелік кешке ұласты. Жалпы, елордалық театр ұжымдарының кәсіби мейрамын тойлау дәстүрі ерекше. Мерекелік іс-шараға жауапты театр­лар жыл бұрын алдын ала арнайы таңдалып алынып, бекітілген өнер ошағы кезегімен эстафета бойын­ша салтанатты кешті ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады. Биыл ол жауапкершілік бас қаламыздың ең жас өнер ордасы – Комедия театрына жүктеліпті. Жалынды жастардың ұйымдастыруымен өткен кештен­ жастық пен жаңашылдықтың лебі айқын сезіледі. Қызықты әзіл, кәсіби тақырыпты қаузайтын көңілді қойы­лымдар кешке жиналған өнер майталмандары мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік үлкен тарту болғаны анық.  Сондай-ақ салтанатты концертте Комедия театры актерлерінен бөлек, Нұр-Сұлтан қаласының өзге де театрларының, атап айтсақ,  Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Жастар театры, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры, «Наз» би театры және Қуыршақ теа­тры ұжымдарының дайындауымен 5-7 минуттық мерекелік көрініс көрсетіліп, жыл бойы жұмысында үздік нәтиже көрсеткен театр әртіс­тері мен жалпы сахна саласы қыз­меткерлері Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың атынан арнайы алғыс хатпен марапатталды.  

Иә, театр – тектілік мекені, хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Бүгінгі күн жай ғана Халықаралық театр күні емес,  мына әлемде жаны кірлеп,  рухани шөліркеген пенденің жаны сая табар ортақ құндылығының, Мельпоменаның мерекесі. Осы ама­натқа бар өмірін арнап, адал қызмет етіп келе жатқан сахна майталмандары көрерменіне бүгін де сол қайталанбас өнер қуанышын тарту етті.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»