28 Наурыз, 2019

Құқық қорғаушылардың біліксіздігінен адам құқы тапталған

1144 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент депутаттарының аймақтардағы сайлаушыларымен кездесулерінде өңірлердегі өткір проблемалар жиі көтерілетіндігі заңдылық. Кей жағдайларда құзырлы орындар, оның ішінде құқық қорғау органдарының қисынсыз шешімдеріне қанағаттанбаған халық бізге тікелей арыз жазады. 

 

Құқық қорғаушылардың біліксіздігінен адам құқы тапталған

Мәселен, былтыр жазда Атырау облысында «Нұр Отан» партия­сы­ның облыстық филиалында өткіз­ген кездесуімізге келген ауылдық тұрғындар бақташы бағатын мал жолды кесіп өткені үшін өздерінің жауапқа тартылып, айып арқалап жататынына арызданды. Өрісте жүрген мал көлік жолын кесіп, жол-көлік оқиғасын тудырса, үйде жатқан иесі жауапкершілікке тартылады екен. Онда тек айыппұл төлеттіріп қана қоймай, көлікке келген шығын да өндірілетін көрінеді. Ал ол аз ақша емес, алды бес миллион, соңы сегіз миллион теңгеге дейін жететін кездер болады. Бағып отырған он шақты қой, ешкі, екі-үш ірі қарасы және саманнан соғылған үйі ғана бар ауыл адамына бұл үлкен салмақ қой. Осыны айтқан тұрғындар бізден бұл шараның заңдылығын анықтап беруді сұраған еді.

Біз аймақтан келе салысымен қолданыстағы заңдарды қарап, қосымша мәліметтерді жинақтап, бұл мәсе­лені жан-жақты саралап, зерт­тедік. Осы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде құзыр­лы орган­дар мал иелерін заңсыз жазалап келгендігіне көз жеткіздік. 

Қазақстанның Әкімшілік құ­қ­ық­­­бұзушылық туралы Кодек­сін­де жол-көлік оқиға­ла­ры бойын­ша әкімшілік жауапкершілікті көз­дейтін баптар бар. Солардың ішіндегі 615-620-баптарда жол бойында, малды қағып кетке­ні үшін жауапкершілік көз­делген. Бірақ  бұл баптың негі­зін­де уәкілетті мемлекеттік органдар мен соттар мал иелерін жауапкершілікке тартып келген. Мұндай шешімдер заңсыз болған. Себебі «Жол жүрісі тура­лы» Заңның 1-бабы 15-тармағының, «Жолда жүру ереже­сінің» 2-тарауының 2-бөлігі 26) және 31) тармақтарының және ӘҚБтК-нің 615-бабында көрсетілген ескертпенің маз­мұ­ны мен мағынасы бойынша, үй жануарларының иелері, егер де жолда ат арба көлігін басқар­ма­са, мініс малын немесе табын­ды айдамаса, жол жүрісінің өзге де қатысушылар санатына жатпайды. Демек, мұндай азаматтар құқықбұзушылықтың субъек­ті­лері болып табылмайды. Ал өз кезегінде оларды ӘҚБтК-тің 615-620-баптары бойынша жауаптылыққа тартуға құқықтық мүм­кіндікті шектейді. Яғни, атал­ған Кодексте үйде жатқан мал иесі жа­уапқа тартылу керек деген тал­ап жоқ. Ауылда малды ақша­­сын төлеп, бақташыға бағуға бере­ді. Ол таңертең алып кетіп, ауыл­ға кешке бір-ақ әкеледі. Ал жол-көлік оқиғасына мал иесінің ешқандай қатысы жоқ. Алайда, бұл ескерілмей, мал иесі жауапқа тарты­лып, машинаға келген шы­ғын солардан өндіріліп келген.

Сондықтан мал иелеріне қол­да­­нылып келген шараның заңға қай­шы екенін дәйектеп жазып, заңдылықты қадағалайтын орган – Бас прокуратураға жібердік. Бұл құзырлы орган 2 айға жуық аталған фактілер бойынша жан­жақ­ты талдау жұмыстарын жүргі­зіп, соның қорытындысы негі­зінде біздің уәждеріміздің бәрін қолдап, Жо­ғарғы сотқа кас­сациялық нара­зы­­лық жасады. Бүгінде соның нә­ти­жесінде әкім­шілік соттың прак­тикасы түбегейлі өзгеріп отыр. Негізінде бұған дейінгі екі жыл ішінде 500-ге жуық адам тек осы мәселе бойын­ша әкімшілік жауапқа тарты­лып, айыппұл арқа­ла­ған екен. Бұл – осынша адам әбігерге түсіп, біршама шығынға ұшыраған деген сөз. 

Бүгінде Бас прокуратура тарапынан Ішкі істер министрлігімен бірге барлық облыстық, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала­лық прокурорларға мұндай заң­сыз­дық­қа жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Яғни, ендігі жерде мұндай жол-көлік оқиғалары бойынша мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы нақты нұсқау беріліп отыр. Бұл үй жануарларына қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша көптеген адамдардың жазықсыз жауапты болуына тосқауыл қойылады деген сөз.

Шынтуайтына келгенде, Жол­да жүру ережесінде мал ие­ле­рі­нің міндетіне үй жануарлары жолға шығып кететін жағдайды жоққа шығармайтын кезде, оларды қараусыз қалдыруға болмайды деген нормалар бар. Бірақ Әкімшілік кодексте осы нормалар бұзылған жағдайда олардың жауапкершілігі қарастырылмаған. Қате­лік, істі қарау барысында атал­ған кодекстегі талаптарға қа­ра­май, тек ережелерді ғана не­гізге алудан туындаған. Бұл – білік­сіздіктің бірден-бір көрінісі. Осы­ның салдарынан адам құқы тапталып отыр. Мұндай жағдай көбіне азаматтардың әділдікке, мемлекет саясатына деген сенімінің жоға­луы­на әкеліп жатады. Ең қиы­ны да осы.

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ, 

Мәжіліс депутаты