28 Наурыз, 2019

Адвокаттар қауқары неге төмен?

729 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тараптар құқын қорғауда адвокаттар рөлі зор. Тергеуде де, сот барысында да олар нақты дәлелдерді алға тартып, заңдылықтың үстемдік құруына атсалысады. Алайда, олардың қорғаудағы қауқары әлі күнге төмен. Кейбір адвокаттардың дәлелі өтпей, сот пен прокуратураның дегені болып жатады. Ал заң бойынша олардың құқы кіммен болса да бірдей деп есептелінеді. Ендеше мұндай кереғарлық неліктен туындайды?

Адвокаттар қауқары неге төмен?

Адвокаттардың рөлін күшейту мақсатында былтыр «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға қол қойылды. Бірақ бұл заңда адвокаттардың құқы толық қамтылды деп айтуға әзірше болмайды. Себебі заң мен өмірдегі жағдай барысы үйле­сім таба алмай отыр. Оның үсті­не адвокатураның ұйымдастыру мәсе­лелері, адвокат­тық қыз­метпен айна­лысуға үміт­­кер адам­дарға аттес­тат­тау жүр­гі­зу тәрті­бі мен шарттары, аттес­тат­­таудан өтуден босатылу мәсе­ле­лері әзірше қажетті дең­гей­де шешілген жоқ. Қазір аталған заң талаптарының ішінде шешуін таппай отырған мәселелердің бірі – адвокаттардың мінез-құлық қағи­да­ларын бекіту. Сонымен қатар адво­каттардың кәсіптік деңгейін көте­ру және адвокаттық қызметтің қауқарын қамтамасыз етуді ұйым­дас­тыру жұмысы аумақтық және Республикалық адвокаттар алқасының алдында тұрған басты мәселенің бірі көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң өмірге енгенмен, одан ең маңызды мәселе – қорғау сапасы арта қойған жоқ дейді сарапшылар. Өйткені заң басқа, өмірдегі іс бөлек. Ең бас­ты себеп – сот тәуелсіздігінің жоқтығы екен. 

Мұны біз хабарласқан адво­кат­тар­дың өздері де жоққа шығар­май­ды. Мәселен, адвокат Сейфулла Шыңғыс: «Тергеу кезінде біз тергеу­шілердің кемшіліктерін сотқа жеткіземіз. Бірақ олардың бәрі қаперге алынбай қалады. Мәселен, біреуге тағылған айып дәлелденбей тұр дейік. Енді заң бойынша ол күдікті ақталуы тиіс. Алайда, судья мұндай кезде прокурормен ақылдасады да, іс бабын басқа бапқа ауыстыра салады. Ақыр аяғында әлгі күдікті айыпты болып, сотталып шыға келеді. Мұның себебі не? Ол сот тәуелсіздігінің жоқтығынан. Егер сот тәуелсіздігі орнаса, бір-ақ сәтте адвокаттар құқы артып шыға келеді. Қазіргі таңда заңда жазылғандай, яғни, адвокат пен прокурордың заң алдында тепе-теңдігі жоқ. Бұрынғы жүйе сақта­лып қалған. Өткенде Арыс ауда­­нын­да бір іске қатыстым. Сонда үш жігіт төрт мал ұрлаған екен. Бұл дәлелденіп тұр. Және өздері де оны мойындады. Бірақ оларға бұрын ұрланған 25 малды да ұрлаған осылар деп, яғни қосымша ашылмай жатқан істі мойындарына арта салған. Сотқа соның бәрін дәлелдеп көрсеттім, бірақ нәтиже болмады», дейді.

Ендеше бұл орайда бізге де біртін­деп, америкалық жүйені енгізу қажет пе дейміз. Өйткені онда тергеу­ші­лер қылмыстық іс дәлелдерін жинап, проку­р­ор­ға береді. Сол сәттен бас­тап әрі қарай барлық тергеуді проку­рор­­­дың өзі жүзеге асыра­ды. Кейін сол істі өзі сотқа тапсыра­ды. Сосын адамның кінәлі, кінәсіздігіне тіке­лей өз арымен жауап береді. Ал бізде бар кемшілікті полицияға арта салады. Ұстаған солар, терге­­ген солар, прокуратура тек заңды­лық­ты қадағалады дейді. Егер Амери­ка­ның құқықтық жүйесінде адам негізсіз сотталса прокурор оған басымен жауап береді.

Адвокат С.Шыңғыс айтқан ащы шын­­дыққа келіспеске амал жоқ. Адво­­каттардың талап­кер­лер­дің ісін сотта қарау кезінде сынық сүйем кем басып жататыны заңды білме­ген­дік­тен немесе өз ісін жетік меңгер­ме­­ген­діктен емес. Оларға «өгей» ретінде қарау да басым көрінеді. Бұл туралы адвокат Белгібай Сахариев өз ойын ашық білдірді. «Мәселен, Түркияда сот талқылауы барысында адвокат та, судья да және прокур­ор да үстеріне бір қалыптағы мантия киеді. Бұл нені білдіреді? Бұл заң алдында бәрі тең деген сөз. Консти­туция­мыз заң үстемдігін талап етер болса, онда біз де, яғни заң қыз­мет­керлері әрқайсымыз заң үстем­ді­гінің сақталуына жағдай туғызу­ы­­мыз қажет. Бізде сот процесі кезінде оған қатысатын прокурор шені жарқы­ра­тып оқалы киімі­мен отырады. Осы жерде майор немесе полковник шенін­дегі прокурордың сөзсіз мысы басады. Прокурор өзінің шешімі бекі­ме­се, санкция беретіндігін айтады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде олардың құқықтары бірдей. Бірақ сот процесі кезінде прокурордың шешімі басты назарға алынады», дейді ол. 

Әрине, қорғаушы Б.Сахариевтің айтқанына сүйенсек, судья, прокурор және адвокат арасында теңдік болмаған соң істің ақ, қарасын анық дәлелдеуге олардың дәрмені жетпей қалады екен. Сот төрелігін жүргізуде адвокаттар рөлі төмен болатындығын Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы Кадыржан Баймұханова да жасырмайды. «Шешімін өз дең­гейін­де таппай отырған мәселе­лер­дің бірі – адвокаттардың қылмыстық процестегі рөлін көтеру. Қыл­мыс­тық процестік кодексте белгіленген сот төрелігiн заң мен сот алдындағы теңдік бастауларында жүзеге асыру және сот iсiн жүргiзудi тарап­тар­­дың жарыспалылығы мен тең құқылығы негiзiнде жүзеге асыру – қылмыстық процестің ірге­лі қағидаттарының бірі болып табылады. Осы қағидаттарға сай айыптаушы мен қорғаушы тараптың теңдігі қамтамасыз етілуі қажет. 2017 жылы «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңна­ма­лық актілеріне құқық қор­ғау қызметінің процестік негіз­де­рін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Алайда, бұл заңға сай, қылмыстық процесте ең алдымен адвокаттардың процес­тік мүмкіндіктерін кеңей­ту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығы артып, қылмыстық істерді тергеу рәсімдерін оңтай­лан­дырып, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауы одан әрі күшейеді деген үмітіміз әзірше ақталмады. Сондық­тан осы мәселе бойынша Конститу­циялық Кеңеске адвокаттық қоғам­дас­тықтың ұсыныстары жолданды», дейді ол. 

Десек те, аумақтық адвокаттар алқалары мен Республикалық адво­каттар алқасы қазіргі уақытта жаңа форматта жұмыс істеуде. Алдағы қараша айында адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шақырылып, онда бір қатар құжаттар қабылданбақ. 

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»