28 Наурыз, 2019

Павлодар облысында туберкулезбен ауырғандар саны азайып келеді

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Әлеуметтік медициналық  сақтандыру қоры» АҚ өңірлік филиалының  мәліметінше, облыс аумағында туберкулезбен ауырғандар көрсеткіші 4,4 пайызға азайып, осы дерттен болатын өлім-жітім 18,7 пайызға қысқарған.

Павлодар облысында туберкулезбен ауырғандар саны азайып келеді

Бұл күндері өңірде аталған дертпен  ауыратын 792 адам диспансерлік есепте тұр.

Биыл туберкулез дертімен ауырғандарды емдеу мен сауықтыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, оның ішінде 320 миллион теңге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Өңірлік «Медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, жалпы, қолданыстағы емдеу көлемі бойынша бір науқасқа айына 220 215 теңге бөлінеді. Бұл медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.  

Яғни, дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса туберкулез ауруын толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор дейді дәрігерлер.

Ал,  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000 және 2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған.

Туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Қазіргі кездегі медицинадағы жаңашылдықтар  бұл  дерттің жабық түрімен ауыратын науқастардың да емханада амбулаторлық ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР