28 Наурыз, 2019

Салықтық рақымшылық – бизнесті өрге бастырады

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаев салықтық рақымшылық жайында айтты.

Салықтық рақымшылық – бизнесті өрге бастырады

Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қордаланған қарызының елеулі бөлігін өсімақы және айыппұлдар құрайды. Негізгі салықтан қарызын өтеуден соң кәсіпкердің кәсібін жалғастыруға, жаңа кәсіп түріне ауысуға, жаңа идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндігі пайда болады.

«2018 жылдың 1 қазанына салықтан қарызы бар шағын және орта бизнес өкілдеріне рақымшылық жасау үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын дербес шоттардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, негізгі қарызды төлеу кезінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады», деді С.Мұстафаев.

Қызылорда облысында рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар тұлғалар саны – 1851, олардың 2018 жылдың 1 қазанына жалпы берешегі 5,3 млрд.теңгені құраған. Оның 3,5 млрд теңгесі негізгі қарыздары, 1,6 млрд теңге өсімпұл және 200 млн. теңге айыппұл. Ал, 2019 жылдың 19 наурызына біздің облыстан 913 тұлға 175 млн теңге көлемінде негізгі қарызын өтеп отыр. Олардың 20,1 млн теңге өсімақысы есептен шығарылды.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы