29 Наурыз, 2019

ШҚО Бесқарағай ауданында екі үй су астында қалды

494 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі кеше Куликовский өзенінде су деңгейінің күрт көтерілуінен Бесқарағай ауданының орталығы - Бесқарағай ауылының шетіндегі екі үйге су кіріп, 13 үйдің ауласына су жайылғанын, Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері су сору жұмыстарын жүргізіп жатқандығын, Өскеменнен қосымша құтқарушылар көмекке жіберілгендігін хабарлаған-ды. 

ШҚО Бесқарағай ауданында екі үй су астында қалды

«Су басқан аумақ өзенге жақын орналасқан. Ақпан және наурыз айларында жергілікті билік тасқынның алдын алу мақсатында өзен бойына екі шақырымдай жерге топырақ үйген болатын. Алайда бұл су деңгейі күрт көтерілген өзенге тоқтау сала алмады. Су басқан екі үйдің біреуі бос тұрған. Екінші үйдің тұрғындарына уақытша баспана берілді», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аталған департамент мамандары бүгін  Кривинка және Жетіжар ауылдарының маңында Ертіс өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғандығын да хабарлады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы