Қазақстан • 31 Наурыз, 2019

Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай 130 шақырымдық велошеру өтті

1812 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының əкімдігі, қалалық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен Шымкент қаласының Велоспорт федерациясының ұйымдастыруымен Өзбекстандағы Қазақстан жылына арналған халықаралық велошеру өтті. Веломарафонға қатысушылар Шымкент–Ташкент бағыты бойынша 130 шақырымды жүріп өтті. Игі дәстүрге айналған велошеру биыл екінші рет өткізілді.

Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай 130 шақырымдық велошеру өтті


Шымкент, Әль-Фараби алаңы. Тағы 07:45 сағат. Бұлар велоспидетті жанына серік еткендер. Олар үшін демалыс - велосипед тізгініне отыру. Көздеген жеріне осы экологиялық залалсыз көлік құралымен жету. Ұжымдасып неше жүздеген шақырымдарды бағындыру.

 

Бұл Шымкент қаласының əкімдігі, қалалық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен Шымкент қаласының Велоспорт федерациясының ұйымдастыруымен Өзбекстандағы Қазақстан жылына арналған халықаралық велошеру.  


Салауатты өмір салтын нәсихаттаған шараның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жұмин қатысып,  велоспортшыларға сәттілік тіледі.

«Шаһарымызда велоспорт жақсы дамып келеді. Күн өткен  сайын «Shymkent Bike» велосипедтерін пайдаланушылардың қатары арта түсуде. Қазірдің өзінде қала көшелерінде 39-дан астам  велостанция жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бұлардың қатары толығатын болады. Осы реткі спорттық шараның көздегені де экологиялық зияны жоқ көлік түрімен азаматтарды достастыру. Әрі, қазақ-өзбек екі ел қарым-қатынасын спорт, туризм арқылы дамыта түсуді көздейді», деді Данат Жұмин.                      


Аталған достық шеруіне Алматы қаласынан арнайы Велоспорт Федерациясының вице-президенті Раимбек Баталов қатысып, веломәдениетті дамытуда ірі мегаполистерде осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны қуантатындығын жеткізді.

Әрі, өзі бас болып Ташкент қаласына дейін шеруді жалғастырды.  


Старт белгісінен 200-ден астам велошабандоз Ташкент қаласына аттанды. Веломарафонда ТМД елдерінің 11 жастан 80 жасқа дейінгі 200-ден астам әуесқой велошабандоздары бақ сынады. 


Жарысқа қатысушылардың көбісі тек әуесқойлар. Олар бос уақытында қала сыртына, ірі халықаралық автобандарда жаттығу жасайды. Күнделікті шаһар ішіндегі арнайы веложолдарда жүруді дағдыға айналдырған.

 

Шымкенттің шыға беріс қақпасы. Қатысушылар жылдамдықты бір қалыпта ұстап отырамыз дейді.  Себебі , ұзақ бағыттарда күшті кезең-кезеңімен бөліп пайдаланады екен.


Өздерімен бірге алып жүрген қуатты тағамдар мен сусындарды велосипед тізгінінде отырып-ақ азық ете береді. Сәл кідіріп, босаңсыса серіктестерінен қалып қояды. Әрі, қызыу қимылдағы бабын жоғалтып алады, дейді ұйымдастырушылар.   


Велошерудің басты көркі қос адамдық Тандемде болды.   Бұл - бірінен кейін бірі отыратын бірнеше немесе көп жағдайда екі адамға арналған велосипед. Әдеттегі тандемнің бір рамасы және екі доңғалағы бар, алайда әр адамның өзіне тиесілі велосипед меңгерігі, орындығы және тепкісі болады. Көбіне екі адамдық тандемнің ұзындығы 240 см болса, салмағы 15 - 20 кг - ды құрайды. Егер, адам велосипедті басқармаған жағдайда меңгерікті таяныш ретінде қолданады. Екі адам да тандемнің тежеу жүйесін басқара алады.

 

Жарыс жолының 30 шақырымы. Жазық жол бөлігінде уақыттан ұту үшін қарқынын үдете түсуде. 

Шымкент қалалық мәдениет үйі" МКҚК директоры Самат Есболов Қазығұрт асуында. Екінші жыл қатарынан Ташкент пен Шымкент арасындағы  бағытты бағындырған. Демалыс күндері велоспортпен айналысуды жанына серік еткен.

Былтырғы Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай өткен велошерудің ұймдастырушыларының бірі. 

Жарыс жолының ең қиын кезеңі. Қазығұрт асуы. Шаһардан шыққан велошерушілер осы асудың төбесінде аз кем дем басып, қайта велосипеттеріне отырды. 


Велоспортты жаны сүйетін қала тұрғыны - Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінің сауда және маркетинг жөніндегі директоры Абдулазиз Юлдашев. «Қарбалас жұмыс күніне қарамастан халықаралық шараға қатысып, бір белесті бағындыруға келдім», дейді.

 

Қазығұрт ауданының сыртындағы Шымкент-Ташкент халықаралық автожолы. 


Веломарафонға қатысушылар Шымкент–Ташкент бағыты бойынша 130 шақырымды жүріп өтті. Игі дәстүрге айналған велошеру биыл екінші рет өткізілді.

Шымкенттегі Əл-Фараби алаңынан бастау алған велошеру Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын басып өтіп, «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы Өзбекстан Астанасы - Ташкент қаласына келіп жетті.

 

Веломарафонға ТМД елдерінің 11 жастан 80 жасқа дейінгі 200-ден астам әуесқой велошабандоздары қатысып, қос ел арасындағы 130,6 шақырымды 5 сағат 24 минутта бағындырды.   


Жол бойы Ташкент тұрғындары достық шеруіне зор қошемет көрсетті. Өзбестандағы БАҚ өкілдері мен Ташкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі халықаралық іс-шараға ақпараттық қолдау көрсетті


Finіsh-ке санаулы сәт қалған шақ. Веломарафоншыларды «Жібек жолы» кеден бекетінен бастап, Өзбекстан жол көлік полицейлері арнайы Ташкенттің орталық көшелерімен бастап келеді. 


Таңмен таласа тұрған уақыт пен күш-жігердің өтелген сәті. Жеңіс дәмін сезінген шақ.  


«Былтыр Қазақстандағы Өзбекстан жылы бауырлас қос елдің екі жақты қарым-қатынасының дами түсуіне үлкен сеп болды. Атаулы  жыл аясында 200-ге тарта шара ұйымдастырылды. 2018 жылы жүзеге асқан бұл бастама тараптар арасындағы түрлі бағыт бойынша әріптестік орнатуға жол ашып, бизнеспен қатар, ғылыми байланысты арттыруға көмектесті. Қос ел шекарасындағы көршілес қалалардың іскерлік байланыстары артып, былтыр Шымкент қаласында өткен бизнес-форумда  екі елдің туризм бағытында жасалған жұмыстары қорытындыланды. Сондай-ақ Орталық Азияның туристік өнімдерін Ресей, Еуропа елдеріне шығару және өңірге келетін саяхатшылар ағынын еселеу мәселелері талқыланған болатын. Аталған іскерлік қарым-қатынастардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтың сіңірген еңбегі ерен. Осы орайда елшілік атынан барша веломарафоншыларды Өзбекстандағы Қазақстан жылымен және жеңістерімен құттықтаймын», деді Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елші.

 

Велошерушілер белгіленген меже Ташкент қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігі ғимаратының алдындағы мәре сызығын кесіп өтті. 


 Барша қатысушыларды еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды қарсы алып, жеңімпаздарды марапатталды.

 

Шымкент пен Ташкент арасында туризм мен спортты жанына серік еткен  спортшылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, тарихы тамырлас мемлекеттер арасындағы мәңгілік достық пен ынтымақтастықты бекемдей түсті.

 

Фото: Мақсат Шағырбаев.