Қоғам • 01 Сәуір, 2019

Кеңдігі қазақтың даласындай асыл азамат еді

636 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2009 жылы Қоғабай Сәрсе­кеев­тің «Қазақия» деген атау­мен кітабы жарық көрген болатын. Автордың сол кітаптағы нақылнамаларын оқып отырып, оның ұлт­­жандылығының биіктігіне көз жеткізуге болады. «Бай­лығым – қазақтығым» дегенді өзінің өмірлік ұста­­нымын ту етіп өмір сүргені оның халық үшін, оның болашағы үшін жасаған істерінен көрінеді. Зор мақ­танышпен әрі Қоғабайдың қайрат-жігеріне деген үлкен құрметпен айта алатын оның ұрпақтарымыз ұмыт­­пайтын ісі – қазаққа керек «Қазақ» газетін халыққа қайтаруы еді.

Кеңдігі қазақтың  даласындай асыл азамат еді
ХХ ғасырдың басында (1913 жылы), Ахмет Байтұр­сыновтың сөзімен айтсақ, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып дүниеге келген газеттің ғұмыры ұзақ болмаса да халық алдындағы қызметі үлкен болды. Осыны ескеріп әрі Алаш арыстарының жарқын істерін жаңғырту мақсатында Қоғабай 88 жылдан кейін, адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқан кезде газетті қайта басып шығарып, семіп қалған тамырға қайта жан берді. Мұны өзі халқынан сүйінші сұрап жариялап, жаңа дәуірдегі газеттің мақсатын айқындап көрсетті: «Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты айқын, ұста­нымы берік, жүрегі адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлт­тық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлес қосады». Бұл газеттің ғана емес, Қоғабайдың да өз мақ­сатына айналды. Өзінің нақылнамаларының бірінде жазған «Қазақ тұтанса – сөнбейтін от» дегенін бар жан-тәнімен кіріскен адал еңбегімен, ұйқысыз өткізген түндерімен, қарбалас күндерімен дәлелдеп берді. Газеттің өмірге келуіне Ахаңдар мен Жахаңдар қандай еңбек етсе, оның бір ғасырдан кейін қайта аяққа тұрып кетуіне Қоғабай да сондай тер төкті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ: халық­­тың ризашылығына, сүйіспеншілігіне бөленді, хал­қымыздың даму тарихындағы «Қазақ» газетінің атын өшіріп ала жаздаған олқылықтың орнын толтырды. 
Өзін өзі «еті сенікі, сүйегі менікі» деп халқына ар­наған азаматтың «Айқап» журналын қазаққа қауыш­тыр­­ған игі ісі де үлкен еңбекті талап етке­ніне талас жоқ.­ Сон­шама қажыр-қайраттың осы азаматтың бір ба­­­­­­сы­нан табыл­ғанына таңғала қарай­тынбыз. Сөйтсек, бұл ол кісінің ішкі өзегінің мықтылығынан екен ғой. «Күн­­нен Гүн, Гүннен туса осы Қазақ, Болуға тиісті емес ешбір мазақ!» деп, қазағының намысын жоғары қой­­ған Қоғабай ұлт болашағы – жастардың тарих ақ­таң­­­­дақтарының ортасында адасып қалмауына жанын сал­­ды. 
«Қазақтың кеңдігі даласымен, пейілі аспанымен өлшенетін ұлыс» деген нақыл сөзін оқи отырып, бұл сөзден оның өз тұлғасын көргендей боласың. Балуан денелі бітімінде сайын даламыздың кеңдігі мен көгінің биіктігі сыйған азаматымыздың бұл фәниден ерте кеткені өкінішті. Алайда адамның өмірі жасымен емес, жасаған еңбегімен өлшенетіні бел­гілі ғой. Бұл тұрғыдан Қоғабайдың ғұмыры ұзақ, жо­лы сара. Алаш арыстарының рухын жалғастырып, ха­лық­қа шексіз қызмет еткен азаматымыздың игі істе­рінің жалғасын тауып отырғанына ризамыз. Өзінің сөзімен айтсақ, «Әке – арқа, аға – жаға, іні – тірек, бала – із, ұрпақ – болашаққа салған жол» бо­­лып, бүгінде Қоғабайдың жолы даңғылданып, алыс­­т­ы жақын­датып келеді. Қазіргі «Қазақ» газетіне дұрыс басшылық жасап отырған азаматтарға, газеттің ал­ған бағытын жоғалтпай ыждаһаттылықпен жасап жүр­ген еңбектеріне ризашылығымды айта отырып, шығар­машылықтарының шабытты, еңбектерінің жемісті бо­луына ақ тілегімді білдіремін.
«Албарынан құты аумаған шаңырақ берекелі» деген оймақтай ойды да айтып кетіпті Қоғаш. Өзінің адал жары Гүлбаршынға айтқан алғысы іспетті. Отбасының ырысын еселеп, кемтігін толтырып отырған өмірлік серігі – балаларының қамқор анасы, немерелерінің асыл әжесі ғұмырын халқының игілігіне арнаған отағасының абыройын арттырып, бастамаларына жі­гер беріп отырды. Қашанда төрінен дастарқаны жиыл­майтын, отынан қазаны түспейтін қолы берекелі қазақ әйел­дерінің жарқын бір үлгісі болып келе жатқан Гүл­баршын замандасымыздың балаларының қызығы мен қуа­нышын көруіне тілектеспіз. 
«Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана қазақ ісі оңға басады» деген сөзінде тұнып тұрған ұлтына, оның бүгіні мен келешегіне деген алаң көңілін көреміз. Осы сөз өзінің барлық ісіне басшы болған аза­матымыз еш күмәнсіз өзінің қазақтығымен мақ­тана алады. Осын­дай ұлының болғанын халқы да мақ­таныш ете алады.

Қоғаш (Қоғабай) әлі де ортамызда жүрсе, осы жылғы сәуір­дің 1-інде оның 80 жылдығын бірге тойлаған болар едік.


Әбдісағит ТӘТІҒҰЛ,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты