Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Шағын аудандағы мәселе шешімін тауып келеді

781 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы тамыз айында «Egemen Qazaqstan» газетінде Тараз қаласының іргесіндегі «Шөлдала» және «Құмшағал» алаптарындағы газ, жол, қоғамдық көлік және көше атау­ларына байланысты мақала жарық көрген болатын. Мақалада ұзақ жылдар бойы жергілікті тұрғындар аталған мәселелердің шешімін таппай келе жатқаны айтылған еді. Жуырда Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов газет тілшісіне сұхбат беріп, «Шөлдала» мен «Құмшағалдағы» саяжайлар мәселесі шешімін табатынын мәлімдеді.

Шағын аудандағы мәселе шешімін тауып келеді

Бүгінгі таңда «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптары мен 28 саяжай кіретін қаланың №11-ші әкімшілік аумағында 20 мыңға жуық адам тіркелген. Аумақ негізінен саяжайлар мен бірыңғай шағын үйлерден тұрады. Мұнда 7 мектеп бар, оның ішінде 900 оқушыға арналған жетінші мектептің ғимараты өткен жылы «Шөлдалада» пайдалануға берілген. «Шөлдала» мен «Құмшағал» алқабы тұрғындарына екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория медициналық қызмет көрсетеді. Екі ауылда да спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілген. Ал тұрғындардың тілегі бойынша, №54 автобус бағыты бойынша 9 жаңа аялдама іске қосылды. Сондай-ақ қала маңындағы ара қашықтығы 3 шақырымнан асатын «Шалғай Қарасу» және «Шөлдала» алқаптарынан қатынап оқитын оқушыларды көлікпен тасымалдау мақсатында өткен жылы №55 және №19 мектептерге 2 автобус сатып алынса, ағымдағы жылы дәл осы жалпы білім беру орындарына қосымша тағы да екі автобус алынған. 

 «Осыдан екі жыл бұрын үлкен жолдан «Көлтоған» елді мекені арқылы «Жиделіге» дейінгі аралықтағы 8 шақырымдық автомобиль жолы орта жөндеуден өткен. «Тараз-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының осы аумақты ауызсумен қамтамасыз ету үшін су-құбыр жүйелерін жүргізуіне қалалық мәслихаттың ықпал етуімен 30 миллион теңге қаржы бөлінген.

Дегенмен аумақта қордаланған мәселе әлі де көп. Бүгінгі таңда «Құмшағал», «Шөлдала» алаптарындағы саяжай алаптарына қатысты мәселелер тұрақты бақылауымызда. Қос алаптағы жалпы тұрғындардың саны 14 мыңға жуықтайды. Нақтылай айтсақ, «Құмшағалға» қарасты 13 саяжай алабында 1423 аула болса, онда 4298 адам тұрады. Ал «Шөлдаладағы» 16 саяжай алабында 2887 аула бар. Мұнда барлығы 9300 адам тіршілік етуде», дейді қала әкімі Ғ.Әбдірайымов.


 Дей тұрғанмен, қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асса да, ауызсу, жарық, көгілдір отын, жол және кәріз жүйелері мәселелері оң шешімін таппай келеді. Оның басты себебі – саяжай алаптарына осы күнге дейін тұрғын жай алабы мәртебесі берілмеуінде болып отыр. Бұрынғы саяжай алаптары енді қала құрамына алынған. Сондықтан да қала әкімі шаһар ауқымы аясында жаңғыртылу ойластырылуда екенін айтты. Сонымен қатар әкім саяжайлардағы баспаналар енді жеке тұрғын үй мәртебесіне ауыстырылатынын да жеткізді. Бұл үшін тұрғындардың тиісті мемлекеттік төлемдерді төлеуіне де тура келеді екен. «Ауыз су, кәріз жүйелерін жүргізу және жол салу аумақтың егжей-тегжейлендіру жобалары бекітілгеннен кейін, сол жобалардың негізінде жүзеге асырыла бастайтын болады. Бүгінде тұрғындар үйлерінің мемлекеттік актілерін жер қатынастары бөлімі арқылы қайта ресімдеуде. Саяжай телімдерінің әділет органдарында жеке тұрғын үй телімі ретінде тіркелуі коммуналдық қызметтерге төленетін тарифтік төлемақылардың төмендетілуіне мүмкіндік береді. Осылай өңір басшысының тапсырмасын орындау жұмыстарын бастадық. Қазір 28 саяжайға қатысты мәселені шешу мақсатында қалалық бюджеттен 18,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жоғарыда аталған егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыстық энергетика басқармасы тарапынан 24,6 миллион теңгеге аталған аумақтан магистральды электр желілері жүйесі салынуда. Бұған қосымша жергілікті қазынадан 3 миллион теңге қарастырылып, ішкі электр желілерін тарту жобасы дайындалуда. Бұдан бөлек құрылыстар салынған қала аумағында кешенді инженерлік-геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізуге облыс қазынасынан 45 миллион теңге бөлініп отыр», дейді қала әкімі Ғ.Әбдірайымов.


Жалпы қала дамуының 2025 жылға арналған бас жоспары 2010 жылы бекітілгені белгілі. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бүгінде осынау бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтардың 55,7 пайызы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған. Өткен жылы алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарын жобалау мақсатында қала орталығының – 102, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің – 59, «Арай» тұрғын алабының – 241 және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алаптарының 556 гектарлық бөлігіне, барлығы 958 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары да әзірленіпті. Әкім болашақта бас жоспарға сай міндеттерді толықтай орындау мақсатында жалпы 7072 гектар жер көлемін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамту қажеттігін де айтты. Бұл жұмыстар үш кезеңде жүзеге асатын болады. «Үстіміздегі жылы 2960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады. Келесі кезекте қаладағы 6418 гектар көлеміндегі құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы оның 3086 гектары қала бюджеті және республикалық «Қала-кадастр» кәсіпорны есебінен топотүсіріліммен қамтылмақ. «Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алабының маңындағы 250 гектар көлемінде бөлінген 1232 жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады. Облыс орталығындағы бірқатар тұрғын жай және саяжай алаптарында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспары, міне, осындай», дейді әкім.


 Әкім екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы даму­ының 2025 жылға арналған бас жоспары аясында атқарылатын жұ­мыстардың барысында көне де жаңа қаламыздың сәулеттік келбеті одан әрі де арта беретінін жеткізді. Ал шаһар іргесіндегі шағын ауданның мәселесі осылайша кезегімен шешімін тауып келеді. 

Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар

Өңір және Жолдау жауапкершілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:15