Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Көмірмен көмкерілген әшекейлер

729 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында «Үздік дизайнер» атты байқау өтіп, онда Ресей, Өзбекстан және Қазақстаннан келген дизайнерлер өздері тіккен киім-кешектері мен қолдан жасаған әшекей заттарын қазылар алқасының талқысына ұсынды.

Көмірмен көмкерілген әшекейлер

– Қарағандыда Fashion индустриясын дамыту көптен бері ойымда жүр­ген идея еді. Бүгінде бұл саланың маңызды әрі қа­жет екеніне жұрттың да көзі жете бастады. Пікір­лестерім мен қолдау­шы­ларымның барлығына қуаныштымын. Ал аталған байқаудың жаңа деңгейге шыққаны – біз таңдаған жолдың дұрыстығын көр­сетеді, – дейді жоба ав­тор­ларының бірі Ирина Нечаева.

Байқаудағы әшекей­шілер сайысында қара­ғандылық Ольга Целлерге тең келер ешкім болмады. Қолөнер шеберінің кеншілер қаласының ерекшелігін көрсететін топтамасында тас көмір мен табиғи гүлдер үйлесім тауып, көздің жауын алатын алуан түрлі әше­­кей бұйымдарына ай­нал­ған. Бас жүлдеге ие болған жеңімпаз енді Мәс­кеу қала­сында өтетін халық­аралық байқауда бақ сынайтын болады.

Ольганың негізгі ма­мандығы экономист. Бе­зенд­іру дизайнымен төрт жылдан бері айналысып келеді.

– Барлығы хоббиден басталды. Мен өзіме және құрбыларыма арналған аксессуарлар жасадым. Со­дан кейін шайыр үс­тіне табиғи гүлдерден әшекей жасау технология­сын мең­гердім. Хоббиім келе-келе кәсібіме айналды. Қазір коллекциялар­мен жұмыс істеймін жә­не өзімнің бірегей сти­лім­ді жасауға тыры­сып келемін, – дейді Ольга Целлер.

Ал «Үздік дизайнер» аталымы бойынша бас жүлде елордалық шебер Камиля Сүлейменоваға бұйырды. Жеңімпаздың киіз өңдеу ісіне заманауи леп беріп, оны жаңа қырынан таныта білген шеберлігі қазылар алқа­сынан жоғары баға алды.


ҚАРАҒАНДЫ