Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Талдықорғанда жастардың экономикалық форумы өтті

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде экономикалық форум өтті. «Жастар көзқарасымен қоғамдық сананы жаңғырту: аймақтық контекст» деген атаумен ұйымдастырылған шарада болашақтың мамандықтары, қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа трендтері туралы айтылды.

Талдықорғанда жастардың экономикалық форумы өтті

Форумда университет ректоры Қуат Баймырзаев білім ордасында студенттерді іскерлік ортаға тарту және олардың бизнес-жобаларын қолдау бойынша нақты жұмыс жолға қойылғанын айтты.

- Табысты болу үшін жаңа мамандықтарға оқып, жеке машықтарды жетілдіру қажет.  Бұл бағытта бізді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры қолдап отыр, стартап академия ашылды. Студенттерді іскерлік идеялары немесе жобаларымен бізге келуге шақырамын, біз өз кезегімізде қолдау жасауға дайынбыз, – деді ректор.

Ал форум спикері, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өзінің мотивациялық таныстырылымында қоғамдық сананы өзгерткен немесе өзгертіп жатқан кешегі, бүгінгі және келешектегі трендтер жайында кеңінен тоқталды.

- Жаңа трендтерді құрып, адамдардың санасына әсер етіп жатқан адамдарды мысал еткім келеді. Бизнесті сәтті басқарып, өңірлердің әлеуметтік мәселелерін белсенді шешіп жүрген Бауыржан Оспанов, Жақсылық Үшкемпіров сынды меценаттарға қараңыздаршы. Ал кәсіби кемелдіктің арқасында әнші Димаш Құдайберген, актриса Самал Еслямова, клипмейкер Айсұлтан Сейітов және басқалар әлем сахнасын бағындыруда, – деді ол өз сөзінде.

Форумда Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Рустам Алпысбаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде іске асқан және жоспарланған жобалар туралы әңгімелесе, «Тамас» ЖШС директоры Асқар  Пусурманов студенттермен бизнес жүргізу бойынша жеке тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, форум аясында «Мәрмәр Қазақстан» ЖШС директоры Олжас Зәкірұлы, Ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерциялау кеңсесінің директоры Дамир Дигай, PhD докторы, мемлекеттік басқару және менеджмент кафедрасының доценты Эльмира Қыдырбаева және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетітің студенті Аяулым Қаналбекова баяндама жасады.