Президент • 02 Сәуір, 2019

Түркістанға тәу ету үшін бардым – Президент

1419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіпке сұхбатта алғаш сапарын Түркістаннан бастауының себебін түсіндірді.

Түркістанға тәу ету үшін бардым – Президент

«Сапарымның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев бұған мысал ретінде Елбасымыздың Түркістан облысын құрғанын ерекше атап көрсетті. Өңірге киелі мекеннің атын бере отырып, Тұңғыш Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтіргенін, мемлекеттің іргесін мығымдап, жалпыұлттық сәйкестік пен береке-бірлікті нығайтқанын жеткізді.

«Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету – осының бәрі халқымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады», деді Мемлекет басшысы.