«2019 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда халықты қосымша иммундау басталды. 9 айға толған балалар, егу мәртебесі белгісіз 30 жасқа дейінгі адамдар, бұрын егілмеген және қызылшамен ауырмаған, 5 және одан да көп жыл бұрын инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы бір екпемен егілген адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын медицина қызметкерлері вакцинацияланатын болады. Себебі халықтың осы тобында қызылшамен ауыратын науқастармен жиі байланыста болғандықтан жұқтыру қатері жоғары» деді Ж.Бекшин.
Вакцинация үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина пайдаланылатын болады. Вакцинаны «Серум институт оф Индия» (Үндістан) компаниясы өндірген, вакцинаның сапасына ДДСҰ кепілдік беріп отыр. Бұл вакцина әлемнің 70-тен астам елінде, оның ішінде соңғы 10 жыл бойы Қазақстанда да пайдаланылуда. Биылға арнап Бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС республикалық бюджет қаражаты есебінен 788,4 млн теңге сомаға 651,5 мың дозаны (1 дозаның бағасы шамамен 1209 мың теңгені құрайды) сатып алды.
Бүгінде вакцина елге әкелініп, барлық өңірге таратылды.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер халық үшін вакцинация тегін жүргізілетінін, екпені алу үшін бекітілген аумақтық емханаға жүгіну қажеттігін атап айтты.
«Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қызылшамен сырқаттану бойынша жағдайға күн сайын мониторинг жүргізеді. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі уақыт аралығында қызылшаның 4670 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3350 жағдай (71,2%). Қызылшаның тіркелуі республиканың барлық өңірінде байқалады, 5 өңірде – Нұр-Сұлтан қаласында (ағымдағы жылғы қаңтардан бастап – 1342 жағдай), сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола және Түркістан облыстарында өсуі байқалады, яғни Алматы қаласындағы 84 жағдайдан Шымкент қаласындағы 700 жағдайға дейін тіркелген. Бүгінде республика бойынша 74 науқас, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 19 науқас емделуде», – деді Ж.Бекшин.
Ол сондай-ақ қызылшамен сырқаттану көбінесе егілмеген балалардың арасында тіркеліп отырғанын, бұл 60,2%-дан астам адамды (2815) құрайтынын, егу жасына толмаған балалар (1 жасқа толмаған) – 54%, медициналық себептермен кейінге қалдырулар (жіті аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы, окнологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі ауруларының ауыр үдемелі аурулары) – 32%, вакцинациядан бас тарту – 13,9% (391) себептері бойынша егілмеген. Инфекцияның таралуына егілмеген адамдардың, оның ішінде 80-жылдардың соңында және 90-жылдардың басында вакцинацияның болмауына байланысты вакцинация алмаған келешек аналардың болуы да ықпал етті. Бүгінде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 10 мыңнан астам адам егілді.
Еуропа елдерінде қызылшамен сырқаттануда жағдайдың күрделенуі байқалды және Қазақстанда сырқаттың өсуі көптеген мемлекеттермен іскерлік және туристік қатынастарға байланысты осы елдерде қызылшаның өршуі салдарынан 2018 жылдың соңынан бастап орын ала бастаған. Қазақстанда айналымда жүрген қызылшаның вирустарын генотиптеу еуропалыққа ұқсас D8 және В3 штамдарының айналымын көрсетіп отыр. Бұл ретте, В3 генотипінде Dublin генетикалық желілері, сондай-ақ жоғары агрессивтілігімен, патогенділігімен және жұқпалылығымен сипатталатын Kabul желілері анықталған.
Қызылша вирусы ауа-тамшы жолымен жеңіл беріледі және өміршең бөлшектері қызылша ауруын тасымалдаушы үй-жайдан шығып кеткеннен кейін екі сағатқа дейін ауада сақталады. Қызылша бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін төрт күнге дейін басқа адамдарға беріле алады. Сондықтан ауру жұқтырған адам қызылшаның ешбір белгілерінсіз және өзінің денсаулығы туралы білмей вирус таратуды жалғастырады. Олар адамдармен қарым-қатынаста болып, жұмысқа, мектепке, дүкенге барады, маршруттарда және метрода жүреді. Егілмеген адамдар вирусы бар ауамен тыныс алғаннан кейін 90% жұқтыру ықтималдығына ұшырайды.
«Вирустық инфекциялар бойынша, оның ішінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жас балалары бар аналарға, сондай-ақ әртүрлі себептермен (баласының денсаулығы егу жасына толмаған, вакцинациядан бас тарту және т.б.) профилактикалық егу алмаған барлық адамдарға қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанғанға дейін адамдар көп жиналатын жерлерге (сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ХҚКО және т.б.) барудан бас тартқан жөн» деген ұсынысын білдірді Ж.Бекшин.
Қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді шарасы – вакцинация. Дене қызуының көтерілуі, катаральдық көріністер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) және денеге бөртпенің шығуы сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақтылы диагностикалау, емдеу және асқынуларға жол бермеу мақсатында дәрігерге жүгіну қажет.
Бұдан басқа, жол жүруді, саяхатқа шығуды жоспарлаған кезде азаматтарға бару жоспарланып отырған елдегі инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды білу және қорғаныш шараларын қабылдау, қызылша жағдайы кезінде вакцинация алу ұсынылады.
«Egemen Qazaqstan»