Үкімет • 02 Сәуір, 2019

А. Мамин ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылымның дамуын бақылауға алды

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

А. Мамин ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылымның дамуын бақылауға алды

Премьер-Министр Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен бірқатар өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, ҚР Үкіметінің алдында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту — ортақ міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл қазақстандықтардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте халықтың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігі мәселесі аса маңызды мәселе», — деп А. Мамин, аталған жүйедегі проблемаларды – алғашқы буын дәрігерлерінің жүктемесінің ауыр екенін және маман тапшылығы бар екенін атап өтті.   

Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуде.

Үкімет басшысы міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне келесі бағыттар бойынша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Біріншіден, жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен жарақтандырылуы қажет.

Қарағанды облысындағы Көктас ауылы және Жамбыл облысындағы Гродеково ауылында тиімді жүзеге асырылған жобалар атап өтілді. Премьер-Министрдің айтуынша, енді осы оң тәжірибе басқа да өңірлерде қолданылуы керек.

Екіншіден, жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет.

Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтерме ақы төлеу, ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылғаны аталып өтті. Премьер-Министр осындай бастамаларға аса көңіл бөлу керек екенін айтты.

Үшіншіден, Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу тапсырылды.