Шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындары және басқа да университеттердің музыкалық факультеттерінің студенттері жеті бағыттағы мамандық бойынша, атап айтқанда: «Дәстүрлі музыка өнері», «Аспаптық орындаушылық», «Арт-менеджмент», «Музыкалық білім беру», «Дирижерлеу», «Композиция», «Вокалдық өнер» сайысқа түседі.
Консерваторияның үлкен концерттік залында олимпиаданың салтанатты түрде ашылуы өтті. Салтанатты жиынды Консерваторияның ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев ашып берді. Ректор сөзінде: «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген сөз бар халқымызда. Музыкалық жоғары оқу орындарының талапкерлері жыл сайын бұл бәсекені тағатсыздана күтеді және өздері де кәсіби дайындықпен келеді. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, дарынды білім алушыларды іріктеу және оларға шығармашылық серпін беруді көздейді. Осындай мәні жоғары шараны ұйымдастыруға зор қолдау көрсетіп отырған, Консерваториямен тығыз ынтымақтастықта бірнеше бірлескен іс-шараларды атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорына алғыс білдіремін!» – деп атап өтті. Шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров та сөз алып, шығармашыл жастарды қолдау Елбасы қоры жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп отырған басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Биылғы олимпиаданың Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жарияланған «Жастар жылы» аясында өтуі бекер емес. Халқымыз «Ақыл жастан, асыл тастан» - демеуші ме еді. Жастардың білімі мен тапқырлығы және жігері кез-келген ұлттың негізгі алға қозғаушы күші екені ақиқат. Бұл дода – біліміңді жетілдіріп, тәжірибеңді арттырудың тағы бір мүмкіндігі болып тұр. Дарынды тұлғалардың легін осындай сайыстар толықтырып отыратынына күмәнім жоқ», – деп сөз түйіндеді ол.
Ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дарынды студенттерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Олардың ішінде консерваторияның аралас хоры, үрмелі аспаптар оркестрі, 1 курс студенттерінен құралған «Grand Classic» триосы, халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Байбосынов және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетіп ашылу салтанатының сәнін келтірді.
Жоғары оқу орындарының студенттері үлкен додада 12 мамандыққа қарасты 16 номинация бойынша сайысқа түссе, музыкалық колледждер мен мамандандырылған мектептердің тәлімгерлері кіші олимпиадада 9 мамандық ішіндегі 13 номинация бойынша білімдерін сарапқа салмақ. Республикамыздың Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Семей, Өскемен және басқа да қалаларынан келген өтініш хаттардың жалпы саны 350-ден асып отыр.
Айта кетейік, XI республикалық студенттік пәндік олимпиада сәуір айының 18-не дейін жалғасады.
АЛМАТЫ