Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында жергілікті тұрғындармен кездесті. Туған жеріне тәу етуге келген Елбасымен кездесуге 3 мыңнан астам адам жиналды.
- Өзінің туған ауылын жақсы көрмеген адам Отанын сүйе алмайды. Ұлы елге деген махаббат кішкентай елді мекенді қадірлеуден басталады. Мен қырық жыл қалада қызмет етсем де туған топырағымды есімнен шығарған емеспін. Қиын-қыстау кезеңде, Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін түрлі тәуекелді жолдан өткенде кіші Отанымның топырағы жаныма қуат беріп, жігерлендіріп отырды. Туған жерді сүю арқылы әлемге қазақ деген халықтың бар екенін, ел екенін танытып, Ұлы Отанымыздың абыройын асқақтаттық. 170 елді аралап, екі жүзден астам басқа елдің президенттерімен кездестім. Бір адам үшін бұл орасан бақыт. Бүгін сіздердің алдарыңызға осы ауылдың топырағында өскен баладай болып келіп тұрмын. Әрине, ауыл өзгерген, заман озған. Біздің қиын да қызықты балалық шағымыздың белгісін қазір табу қиын. Құрдастарым да саусақпен санарлық. Бүгін мүлдем басқа ұрпақты көріп тұрмын. Олар бақытты, жаңа заманның өкілдері. Осы ұрпағымыздың дамыған елде тұру үшін аз еңбектенбедік. Қазір елімізді әлем мойындады. Балаларымыз шетелде білім алуда, ауылда тұрып озық технологияға қол жеткіздік. Осының бәрі еліміздегі бейбітшіліктің, қазақтың бірлігінің арқасы. Осы береке-бірлікті қалпымызбен алға қадам басып, өркендей беруіміз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықпен кездесуде.
Елбасының кіндік қаны тамған ауылдағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет Басшысы ретіндегі өрнекті өмір жолынан сыр шертіп қана қоймай, тұтас еліміздің Тәуелсіздік тарихынан мол мағлұмат беретін нысан. Қазір мұнда келушілер қатары көбейген. 22 000 адам қоныстанған Шамалған кентінің тұрғындары үшін «Атамекен» орталығы өлке мен өңір шежіресінің киелі шаңырағы іспетті болса, сырт өңірден арнайы келіп, бас сұғатын адамдар үшін тәу етер тарихи орынға айналып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарасай ауданына сапары аясында Шамалған кентінде жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы 7300 шаршы метр екен. Нысан 6 блоктан тұрады. Волейбол, баскетбол, гандбол және минифутболға арналған әмбебап залда жарыс тамашалау үшін 300 орындық жеке трибуна болады. Шығыс жекпе-жегі, бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне арналған жаттығу залына жапсарлас 160 адамдық көрермен залы бөлек салынуда. Жүзу бассейніне де сұраныс көп болатын түрі бар. Бұл кешен бір мезгілде 300 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік бермек. Айтпақшы, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешеннің құрылысы Елбасының тікелей қолдауымен және оның жеке қаражатына салынуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылында бірге оқыған сыныптастарымен және бала кездегі достарымен кездесіп, әңгімелесті. Әңгімелесу барысында ежелгі достар өздерінің естеліктерін бөлісіп, өңірдің қазіргі даму жағдайын талқылады.