Оған тиіспей, балтаның жүзі емес, аялық алақан жайыла білсе, бұл талдар мен теректер әлі де талайды тамсандырары талассыз. Әйтсе де биыл су тасқынының алдын алу және одан қорғану жұмыстарын ұйымдастыру деен желеумен Елек пен Қарғалы өзендерінің жағалауындағы талдарды жаппай кесу көріністері орын алды. Бұған қалайша қынжылмасқа? Бұл жағымсыз жайт тұрғындардың орынды өкпе-реніштері мен наразылығын туғызды. Өйткені талы қырқылған өзен айналасы аянышты күйге түспей ме? Әрине бұл үшін бар кінәні өзендердің табанын тазарту жұмыстарын жүргізген «Спецстрой» ЖШС мен «Павлодар өзен порты» АҚ-ның жетекшілері мен мамандарына артуға да болмас. Себебі оларға о баста берілген тапсырма аясында талдарды кесуге де нұсқау берілген сыңайлы. Айталық Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің айтуынша өзеннің ортасы мен одан бергі тұстарында судың ағысына кедергі келтіретін қамыс, ши, бұта секілді өсімдіктерді тазартуға болады. Яғни көктемгі кезеңде өзен ортасында ештеңе болмауға тиіс. Ал жағалаудағы ағаштар өзен суына пайдасын тигізбесе, кедергісін келтірмейді. Бұл –табиғаттың баға жетпес шексіз сыйы. Аталған компаниялар мәселенің осы жағын ескермеген. Оның бұл ойлы ой-пікірін құптауға да, қолдауға да лайықты деп білеміз.
Сондай-ақ «медальдың екі жағы бар» дегендей өзендердің жағалауын кеңейту кезінде талдарды еріксіз кесуге тура келетін жағдайлар да ұшырасып тұратыны –табиғи жәйт. Мысалы қазіргі кезде өңірде үлкенді-кішілі 8 өзеннің жағасын кеңейту көзделген. Бұл тізімнің ұшар басында Қарғалы өзені тұр. Оның кеңейту аумағы 100 метрді құрайды. Аталған жобаны алматылық «ANTARES PLATINUM» компаниясы қолға алыпты. Аталған компанияның өңірдегі өкілі Дмитрий Петраковтың айтуынша жоба бойынша 600 текше метр тал кесу жоспарланыпты. Алайда өзара әңгіме арасында оның қазіргі күні қанша тал кесілгенін анық білмейтіні де аңғарылып қалды. Мұндай жағдайда орман қоры аумағына қарайтын тал-теректерге орынсыз нұқсан келуі де әбден мүмкін. «Тоқал ешкі сақал сұраймын деп, мүйізінен айырылыпты» осындайда айтса керек.
Әлбетте бүгінгі әңгімеміздің басты арқауы жоғарыда айтылғандай су тасқынынан қорғау деген сақтық шараларын алға тартып, Елек пен Қарғалы өзендерінің жағалауындағы тал-теректердің орынсыз қырқылуынан туындағаны белгілі. Сөз соңында бұл келеңсіз көрініске Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің нұсқауына сәйкес тиым салынғанын айтқымыз келеді. Осылайша қазіргі күні Елек пен Қарғалы өзендері жағасындағы талдарды кесу тоқтатылды. Әрине бұл дұрыс, оң шешім екені анық. Әйтсе де мұндай әрекетке о баста жол берілмеген жағдайда пайдамыз бен ұпайымыз бұдан да жоғары болар еді ау деген ой қалды көкейде.
АҚТӨБЕ