Жастар • 20 Маусым, 2025

«Tekken» тартысы: Астана киберрингке айналады

3 мин
оқу үшін

«Tekken» – бұл жай ғана ойын емес, тұтас буынның естелігіне айналған кибермәдениет феномені. Ал биыл сол ойын тарихының жаңа тарауы Астанада жазылады. 9–13 шілде аралығында Comic Con Astana-2025 аясында Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтеді. Әлемдік рейтингке ұпай беретін бұл додаға 90-нан астам ойыншы қатысады деп күтіледі, деп жазады Egemen.kz.

«Tekken» тартысы: Астана киберрингке айналады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дода Орталық Азиядағы ең ірі Tekken фанаттар қауымдастығы — Qazaqstan Tekken Fighters (QTF) қолдауымен өтпек. Бұл – бір мезетте жанкүйерлік пен кәсіби бәсекенің шебер үйлесімін көрсететін ерекше платформа болғалы тұр.

Турнир күнтізбесі төмендегідей:

  • 9 шілде – қатысушыларды тіркеу, «Dragon Ball FighterZ» ойыны бойынша арнаулы шара;

  • 10 шілде – негізгі жарыстың басталуы, «Guilty Gear Strive» турнирі;

  • 11 шілде – плей-офф кезеңі және «Street Fighter 6» ойын алаңы;

  • 12 шілде – шешуші финал, үздік сегіздік тартысы.

Турнир барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Көрермендер кәсіпқой геймерлермен етене араласып, түрлі шоу-матчтар мен шағын сайыстарға қатыса алады. Сондай-ақ, Tekken 8 ойынына арналған эксклюзивті мерч өнімдері арнайы ұсынылмақ.

Фестиваль ішіндегі турнир Otaku Zone деп аталатын арнайы аймақта өтеді. Бұл – аниме, манга, азиялық сән мен музыкаға құмар көрерменнің сүйікті мекені. Otaku Zone аясындағы геймерлік кеңістік өз алдына бір әлем: заманауи және ретро құрылғылар, танымал ойындар, блогерлермен кооператив форматтағы батл – бәрі бір жерде тоғысады.

Ойын кітапханасында 1000-нан астам жоба ұсынылады. Қонақтарды екі аймақ қарсы алады: бірі – заманауи құрылғыларға арналған (PlayStation 5, ПК, рульдер), екіншісі – классикалық консольдер (SEGA, Nintendo, PS1, PS2). Бұл – тек ойын емес, өткенге саяхат пен болашаққа бағдар.

Алаңдағы ең қызық нүктелердің бірі – «Retro Genesis» компаниясының стенді. Мұнда екі түрлі желі таныстырылады:

  • Canonic – түпнұсқа картридждермен жұмыс істейтін классикалық құрылғы,

  • Fusion – бірнеше консольдің функциясын бір құрылғыға тоғыстырған заманауи нұсқа.

Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты қонағы – Энди Серкис, британдық актер, режиссер және цифрлық кейіпкерлерді экранға шығаруда төңкеріс жасаған тұлға. Ол – «Сақиналар әміршісіндегі» Голлум, «Маймылдар планетасындағы» Цезарь, Marvel әлеміндегі Улисс Кло, «Бэтмендегі» Альфред рөлдерімен танымал. Сонымен қатар «Веном 2», «Маугли» және алдағы уақытта жарық көретін «Сақиналар әміршісі: Голлумға аңшылық» фильмдерінің режиссері.

Сонымен Comic Con Astana-2025 тек поп-мәдениет мерекесі ғана емес, киберспорт пен интерактивті ойын әлемінің тоғысқан ірі алаңына айналғалы отыр. Бұл оқиға Астананы жаһандық ойын картасына нық енгізетін маңызды қадам болмақ.

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Кеше