Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

1112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тереңкөл ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында өткен кеңесте тараптар ағымдағы жылға ұсынылған бизнес жобаларды талқылады. Бұл туралы pavlodar.gov.kz хабарлады.

Павлодар  облысының әкімі Болат Бақауов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Аудан әкімі Ернұр Әйткенов 2019 жылы Тереңкөл ауданында бірнеше сүтті-тауарлы ферманың құрылысы жоспарланғанын айтты.

— Бобровка ауылдық округінде «Астық ПВ» ЖШС-і инвестициялар көлемі 1,2 миллиард теңгені құрайтын сүтті-тауарлы ферманың құрылысын аяқтады, — деді ол. – Сәуір айында фермаға Еуропадан 700 бас ірі қара мал әкелінеді.

«Шаров» шаруа қожалығы осыған ұқсас 400 бас малға арналған жобаны жүзеге асырмақшы. Ферманың құрылысын бастау үшін тек кепілдік мүліктің аздығы қол байлау болып отыр.

— Ферма салу үшін ынта-жігерден бөлек, техникалық-экономикалық негіздеме, арнайы бөлінген жер учаскесі, СТФ-ға қажетті инфрақұрылымның жобалау-сметалық құжаттамасы болуы керек, — деді аймақ басшысы. — Сіз ферманың құрылысын бастап, ары қарай оны кепілдік мүлік ретінде қоюыңызға болады. Біз өз тарапымыздан кезең-кезеңмен қаражат бөлетін боламыз. Егер субсидия алғыңыз келсе, сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасыз ақша берілмейді.

Аудан кәсіпкерлері бордақылау алаңдарын салуға да құлшынып отыр. «Вильгельм» шаруа қожалығының басшысы 200 миллион теңге көлеміндегі өз қаражаты есебінен аудан әкімдігі берген 42 гектар жерде бір мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салайын деп жатыр. Облыс әкімі шаруаларға субсидия алу үшін кем дегенде 5 мың бас малға арналған алаң салу қажет екендігін ескертті.

Кездесуде Байқоныс ауылдық аймағында тұз өндірумен айналысып жатқан «ИнтерКонтинент ПВ» ЖШС-ің өкілдері де болды. Алдағы жазда кәсіпорын тұзды байытуға арналған, өнімділігі сағатына 100 тоннаны құрайтын құрал-жабдық сатып алмақшы екен.

— Біз тұз кеніне апаратын жолды жөндеп, комбинат құрылысына қажетті алаң салдық. Қысқа дейін израильдік технология бойынша ас тұзын қаптауға арналған құрал-жабдықтар орнататын боламыз, — деді компания өкілдері. — Сондай-ақ, 350 бас ұсақ мүйізді малға арналған фермерлік шауруашылық ашып, балшықпен емдейтін демалыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.

Жиналыс барысында облыс әкімі аудан басшылығының жұмысын сынға алып, аудан орталығында жаңадан ашылған «Мастер» дүкенінің қожайыны үш жыл бойы сауда үйінің құрылысына қажетті алаңға қол жеткізе алмағанын мысал ретінде келтірді.

— Ауданға жаңа инвесторлар қажет, — деді аймақ басшысы. – Ертіс өзенінің бойында суармалы егістікке қажетті жерлер жетерлік. Жол шетіндегі бизнесті дамытудың да әлеуеті аса зор. Жергілікті әкімдер нақты жобалармен айналысулары қажет.