Саясат • 03 Сәуір, 2019

ҚР ИИДМ-де өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөнінде қоғамдық тыңдаулар болды

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.

ҚР ИИДМ-де өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөнінде қоғамдық тыңдаулар болды

Заң жобасын талқылауға мүдделі мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, азаматтық қоғамдастықтың өкілдері, БАҚ өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Тыңдауларға қатысушылар ұсынылған өзгерістер мен заң жобасының негізгі ережелерін және оларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажановтың айтуынша, заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, бизнеске жасалатын әкімшілік қысымды азайтуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді.

Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қызметтерін ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеу үшін заң жобасында осы ұйымдарға профилактикалық қадағалауды жүзеге асыру және оны жүргізу тәртібін белгілеу қарастырылған.

Бұл заң жобасын қабылдау қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кететін бір жайт, Заң жобасын әзірлеу барысында "Азаматтық қорғау туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша 300-ге жуық ұсыныс келіп түсті.

Кеңінен талқылау үшін Заң жобасының мәтіні "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталына орналастырылған. Онда қалаған адам өз ұсыныстары мен ескертулерін қалдыра алады. Барлық ұсыныстар келесі жолы заң жобасын пысықтаған кезде ескерілетін болады.

Заң жобасымен мына сілтемеге кіру арқылы таныса аласыздар: http://miid.gov.kz/ru/pages/o-vnesenii-izmeneniy-i-dopolneniy-v-nekotorye-zakonodatelnye-akty-respubliki-kazahstan-po-33