Бұл ретте былтыр 9 ай ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 198 хабарлама қабылданыпты. Оның ішінде 118 нысан мемлекеттік, ал 80 нысан жекеменшік болып отыр екен. Сонымен қатар жыл басынан бері барлығы 2546 хат қаралса, жеке және заңды тұлғалардан 146 арыз-шағым түсіп, оның барлығы қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкес қаралып, әрқайсысына дәлелді жауаптар беріліпті.
Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін бірқатар басымдықтарды жария еткен болатын. Соның ішінде Президент құрылыстардың, ғимараттар мен нысандардың сапалы әрі тұрғындарға қауіпсіз болуы үшін бақылау жұмыстарын күшейту, олардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс заңдары мен нормаларына толық сәйкестікте болуы қажеттілігін атап өтті. Бұл әрине бірінші кезекте құрылысқа қатысушылар тарапынан яғни, тапсырысшылар мен мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалаушылармен құрылыстың сапасына басты көңіл бөліп, оның берік әрі сенімді болуын қадағалауды міндеттейді. Ал Елбасы Жолдауынан туындайтын осынау міндеттерді жүзеге асыру өңірде қаншалықты белсенді жүргізіліп келеді?
Мәселен, Тараз қаласының өзінде жабайы сауда нүктелері мен бейберекет орналасқан сауда орындары әлі де бар. Кезінде облыс және қала басшылығы бірлесіп, бірқатар заңсыз сауда нүктелерінің көзін жойғанымен, оны түбірімен жоқ қылу мүмкін болмай тұр. «Осы орайда өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыс аумағындағы бейберекет құрылыстардың алдын алу мақсатында шаралар қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевпен 2018 жылдың 16 шілдесінде аудандар мен Тараз қаласында заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз жүргізіліп жатқан құрылыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында басқармамен құрылысқа қатысушы тұлғалардың өз міндеттерін дұрыс орындауын бақылау, заңсыз, өз бетімен салынған құрылыстарды болдырмау бойынша шаралар қабылдануда», дейді басқарма басшысы.
Осы уақыт аралығында облыс аумағындағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға барлығы 123 тексеру жұмыстары жүргізілген екен. Бұл ретте жүргізілген тексерулердің қорытындыларына сәйкес, бұзушылықтар анықталған нысандар бойынша 51 нұсқама беріліп, 112 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы іс қаралған. Нәтижесінде 18 миллион 998 мың 298 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Қ.Айтқұловтың айтуынша, Тараз қаласында 1 нысан заңсыз салынғаны үшін сот шешімінің негізінде бұздырылған. Нысанды бұздыру үшін жыл басынан 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Оның ішінде 2 нысанды бұздыру туралы шешім шықса, 4 материал бойынша судьялар тек айыппұлмен шектелген. Қазіргі уақытта 2 іс сотта қаралуда екен. «Бұған қоса, Тараз қаласында жапсарлас заңсыз құрылысты бұздыру үшін азаматтық тәртіпте талап-арыз жолданған. Қазіргі уақытта Тараз қалалық сотымен қаралуда. Сонымен қатар құрылыс нысандарын заң бұзушылықпен салып, кейін кінәсін мойындап, соттың шешімінсіз өз еркімен бұздырып жатқан азаматтар да бар. Қалада құрылыс реттеу сызықтарын сақтамай салып, құрылыс нормаларын бұзғаны үшін нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтармен салынған ғимараттың бір бөлігін өз еркімен бұзды. Бұған қоса, басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстарды лицензиялау және инжинирингтік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды аттестаттау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді», дейді ол.
Аталған басқарманың мәліметінше, былтыр 9 ай ішінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында жұмыс істеуге мемлекеттік лицензия алу үшін 178 өтініш қабылданған. Оның 7-еуі қаралу үстінде, берілген лицензия – 57, ал қайта ресімделгені – 52, беруден бас тартылғаны – 42 лицензия. Сонымен қатар қосымша жұмыс түрлеріне 10 лицензия берілген. Аттестациялау бойынша жыл басынан бері 293 өтініш қабылданса, 105 өтініш аттестациялаудан өтіп, 133 өтініш өтпеген және 31 өтініш қағаз тасымалдағыштан электронды форматқа қайта ресімделген.
Бүгінде Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Дегенмен, тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан құрылыс қағидасына қырағылық таныту қажет-ақ. Жүйе болса ғана істің берекесі артып, нәтижесі жақсы болмақ.