Руханият • 04 Сәуір, 2019

Мандельштам – Мағжанның досы

1240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мағжан мен Есениннің кездескенін жазған едік бір мақаламызда. Амантай Сатаевтың эссесі біраз жайтқа көзі­міз­ді жеткізді. Ал сіз Мағжан мен Ман­дельштамның кезікпек түгілі, дос бол­ғанын білдіңіз бе? Мандельштам Мағ­жанды «Маг», Мағжан Осипті «Оса» – «Сары маса» деп атағанын оқымадыңыз ба? ХХ ғасыр­дың 20-жылдарындағы орыс поэзиясы күміс ғасырының қазақ өкілі Мағжан Жұмабайұлы болған. Бұған қалай қарайсыз?

Мандельштам – Мағжанның досы
Орыстар Пушкиннің әрбір минутын, әрбір күнін зерттеген. Пушкин – ақын, Пушкин – тентек, Пушкин – әйелқұмар. Пушкинге жан-жақтан қарауға болады. Ал біз Мағжанды толық зерттеп шықтық па?.. Көп нүкте. «Өткен ғасырдың елуінші жылдары Зейін Шашкинмен кездескен Мандельштам Мағжанмен дос болғандығын айтқан», – деп еске алады жазушы Амантай Сатаев. Барлығымыз білетіндей, Мағжан Жұмабайұлы жиырмасыншы жылдары Валерий Брюсовтың институтында оқыған. Брюсовтың өзі: «Мағжан – қазақтың Пуш­кині», – деп баға берген. Орыс әдеби орта­сында болған Мағжан Мандельштам, Есе­нин­дермен кездеспеді деп айта алмаймыз. Еш негіз жоқ. Сондықтан бұл – қиялдан ту­ған дүние емес.


Зейін Шашкин 1934 жылы Мәскеу ре­дак­циялық-баспа институтына оқуға түскен екен. Мәскеу көшесінде келе жатып бір адамға кезігіп қалса керек.


– Әй, қазақ! – деп біреу тыныштықты бұ­зыпты. «Эй» немесе «ей» емес, «әй» деп тұр әлгі адам.

– Сен қазақсың ба? Біздің Магқа ұқ­сайды екенсің?
– Қандай Маг?
– Не, Мағжан Жұмабаевты танымай­сың ба?
– Маг... Мағжан. Әрине, білемін. Бірақ кездескен емеспін.
– Қызық, бәрі оның есімін ғана біледі. Солай емес пе?
– Сіз өзі кім боласыз?
– Мен Мандельштаммын. Байқауым­ша, Магтың есімін атаудан қорқады екенсің. Сау бол, қазақ! – деді де өз жолымен кете барды.


Бұл – Зейін мен Мандельштамның кез­десуі. Ол кезде Осип тірі. Бұл да – қиял емес.


Амантай Сатаев Мағжан мен Мандель­штам­ның кездескені жөнінде екінші рет 70-жылдары Қайнекей Жармағамбетовтің аузынан естіпті. Қайнекей аға әңгімесін былай бастайды:


– Мағжан Валерий Брюсов, Сергей Есе­нин, Осип Мандельштам, Всеволод Рож­­дественский, Михаил Светловтармен жақсы араласқан. Мамин Серебряк, Мак­сим Горький, Всеволод Ивановтың шығар­маларын аударған. Соның ішінде мен Михаил Светловпен жақсы араластым. Ол маған Мағжан жайлы естелік айтып берді: «Мағжан Жұмабаевпен жақсы таныс болдым. Оны Брюсов мақтаған. Осип айтатын: «Ол адам емес, кентавр», – деп. Мандельштам оны «Маг», мен «Жан» деп атайтынмын. Жан трактир немесе кафенің ақшасын өзі көтеретін. Әрбір кездесуде Осиптің өлеңін жатқа оқып беретін. Осип балаша қуанып қалатын.


Осип Мандельштамның Мағжанға арналған экспромты бар.


«– Ну что, Магжан Бекенович,

На улице темно?..
– Стоп, Магжан Бекенович!
Под ногами – дерьмо...
– Пойдем, Магжан Бекенович,
– А нам-то все равно!..».


Жоқ, болмайды. Мағжан мен Осип екеуі ғана әңгімелессінші. Кезекті сендерге бердім:


«– Осип, мен сені енді Маса, Сары маса деп атайтын боламын. Қазақтың Ахмет Байтұрсынұлы деген ақынының «Сары маса» деген өлеңі бар. Ұйқыдағы қазақты ызыңдап оятады.


– Әңгіме жақсы басталды. Әрі қарай тың­дап көрейік.

– Маса қазақты оятпақ болады. Бірақ ол оны жау көріп, өлтіріп тастайды.
– Иә, көшпенділер шын досты жау, дұшпанды дос көреді.
– Маг, алақаныңды берші. Сенің тағды­рыңды болжап берейін... Біз екеуміз отызын­шы­ жылдары тура бір уақытта өледі екенбіз. Сен Жаңа жерде, мен Амурдың жағасында көз жұмады екенмін.


Әзілдеді ме, әлде Алла аузына салды ма – Осиптің айтқаны тура келді. Екеуі де 1938 жылы ажал құшты.

P.S. Мені осы мәселе мазалайды. Ұлылар­дың жолығысуы мен кездесуі, әңгімесі. Әй­теуір, тарихшылар ұлы тұлғаларды ескерт­кіш қалпында көрсетеді. Ал мен Мағжанмен әңгімелескім келеді. Олардың әңгімесіне араласқым келеді. Жатырқайды. Үйренеді. Сосын дос боламыз. Ал маған керегі де – осы.

Ерболат ҚУАТБЕК,


сыншы