Спорт • 04 Сәуір, 2019

Марина Пикалова: Гандболшы қыздар Олимпиада жолдамасын иелену үшін аянып қалмайды

492 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Гандболдан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері Марина Пикалова Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, Олимпиада алдындағы маусымға қатысты өз болжамымен бөлісті. Бас бапкердің айтуынша, биыл команданы екі ірі ресми жарыс күтіп тұр.

Марина Пикалова: Гандболшы қыздар Олимпиада жолдамасын иелену үшін аянып қалмайды

«Команда күн сайын алға басып келеді. Қазіргі таңда жаттығу қарқынын үдетіп, кемшіліктерді жоюға тырысудамыз. Федерация Ресейдің үздік командаларымен бірлескен жаттығу жиынын өткізуді қолға алып жатыр. Сондай-ақ, халықаралық ашық турнирлерде бақ сынауды жоспарлап отырмыз. Жақын арада команда сапындағы өзгерістерден де хабардар боласыздар», - дейді бас бапкер. 

Марина Пикалова Токио ойындарына жолдама тарататын екі маңызды турнирге де тоқталып өтті. 


«Биылғы маусымда екі ірі дода күтіп тұр. Оның бірі – қыркүйек айында Қытайда өтетін Азия чемпионаты. Екіншісі – желтоқсан айында Жапонияда ұйымдастырылатын әлем біріншілігі. Әрине, Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі саналатын Азия чемпионатына бар күшімізді саламыз. Олимпиада лицензиясы халықаралық іріктеу турнирлерінде топ жарған алты командаға, жазғы ойындарды қабылдайтын мемлекетке және әлем чемпионатында көзге түскен төрт құрлықтың үздік құрамаларына беріледі», - дейді Пикалова.


Команданың бас бапкері Токио ойындарына лицензия алу үшін спортшылардың аянып қалмайтынын ескертіп, жолдама тарататын турнирлерге дайындық басталып кеткенін де хабарлады.